14 наурыздан басталатын көрісу дәстүрі еліміздің батысындағы облыстарда сақталып қалған. Өкінішті...
Бұл салт - ежелгі дәстүр, жылы дәстүр. Оны Ресейдің Астрахан, Самара, Волгоград, Саратов облыстарында және Өзбекстанның Қарақалпақстан Республикасында да ұмытпағаны қуантады. Ұлы ақын Абай ҚҰНАНБАЕВ: «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, мауқын басып» деп жазғандай, қазақ халқы бұл айтулы күнді асыға күткен.
Индер ауданы Есбол ауылының тұрғыны, 101 жастағы ҰОС ардагері Байғазы БАЕТОВ былай деп еске алады:
- Ежелде халқымыз кең далада шашырай орналасқан. Қыстың ызғары кетіп, шуақты көктем келгенде бір-бірімен сағына қауышып, құшақтасып көріскен. Қаншама уақыт өтсе де, көне салтты ұрпағымыздың осы күнге дейін жалғастырып келетіні - мен үшін қуаныш. Демек, біздің ұрпақ ата-бабасының жолын естен шығармауға тырысады. Ауыл тұрғындары бұл күні ертерек тұрып, бауырсағын пісіріп, тәттісін дайындап, ақ дастархандарын жайып, жасы кішілер үйге көрісуге келіп қалады деп күткен. Бір-біріне «Бір жасыңмен, жасыңа жас қосылсын, ғұмырың ұзақ болғай» деген игі ниеттерін арнаған.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА