Қызылқоға ауданы Қоныстану ауылының тұрғыны Марат ТӨЛЕУОВ (суретте) құрғақшылықтан егін тұрмақ, мал өсіру де оңай болып жатпаған құмды жерде қияр өсіріп, бүкіл бір ауылды қамтып отыр.
Ол былтыр өз қолымен жылыжай тұрғызып, қыркүйек айында қияр көшеттерін отырғызды. Cодан бір тоннадан астам қияр жинап алды. Енді оларды ауылға төмен бағамен – 1 келісін 300 теңгемен сатуда. Сырттан әкелінген қиярларды қазір қала базарларынан 450-500 теңгеден төмен бағаға сатып ала алмайсың.
- Қызылқоға – құмды жер болғандықтан, оның үстіне су тапшы болғасын, егін өсіру қиын, - дейді Марат Төлеуов. - Жылыжай салып, егін өсіру – менің көптен бергі жоспарым еді. Тек қаржы көзін таба алмай жүргем, ал былтыр жақсы мүмкіндік туды. Өткен жылы мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Атырау филиалынан3 млн 500 мың теңге көлемінде несие алдым.
Марат салған жылыжай жылыту қондырғысымен, ауа алмастырғыш құрылғымен, тамшылатып суару құбырымен жабдықталған. Ал, суды қайдан алып отыр дейсіз ғой? Ауласынан бес метр тереңдетіп құдық қазып, су шығарды.
- Ертеректе, Кеңес үкіметі кезінде «Ақкөл» учаскесінде менің бау-бақша өсіргенім бар. Онда Ойыл өзенінің арнасы асып-тасып, су мол болатын. Соңғы он жылдан бері Ақтөбе облысындағы Мұғалжар тауының басынан еріген қар суы Ойылға жетпей, тартылып қалып жүр. Құрғақшылықтан мал өсіру де оңай болмай жатыр, - дейді Марат.
Жақын арада Марат қызанақ өсіруге арналған жылыжай салуды жоспарлап отыр. Ол ойын іске асыру үшін аянбай тер төгуге бар.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА