1 наурызда көктемгі балық аулау маусымы басталды, бұл Құрманғазы ауданы Бірлік ауылында қарбалас тіршіліктің нағыз қызған шағы.
Ауыл тұрғындарына«Каспий-Балық» өндірістік кооперативінің ашылғаны да жақсы болды – жұмыс істейтін жер бар. Қазір мұнда 250 адам тұрақты еңбек етеді, бәрі де - Бірліктің тұрғындары. Балық аулау маусымында жұмысшылар саны мыңнан асып жығылады. Кооперативке қарайтын Шортанбай балық өңдеу зауытында жасалған түрлі балық өнімдері Қазақстанға ғана емес, Ресейге де сатуға шығарылады.
Балық аулау маусымы аяқталғанда жұмысшылар жұмыссыз отырмайды. Кооператив, сондай-ақ, қайықтарды, теплоходтарды, кемелерді жөндеумен айналысады.
Кооператив басшылығы бірнеше жылдан бері билікке балық аулау мерзімін ұзарту жөнінде өтінішпен шығып жүрген болатын. Оған тек биыл ғана қол жеткізді.
- Бұрын балық аулауға 10 мамырдан бастап тыйым салынатын, ал бұл уақытта балық жақсы жүреді. Биыл балық аулау мерзімін 25 мамырға дейін ұзартты, -дейді «Каспий-Балық» өндірістік кооперативінің төрағасы Жұмажан ШАКУПОВ.- Бұған сенатор Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВТЫҢ септігі тиді. Біз осыған қуанып отырмыз.
Шортанбайдағы балық өңдеу зауытында балықшылар әкелген шортан, жайын, сазан және тағы да басқа балықтарды өлшеп, аршып, тазалап, өңдеуде.
- Осы жылы 3 мың тонна балық аулауға лимит беріліп отыр. Балыққа төленетін баға да жыл санап өсуде. Мәселен, 2006 жылы 1 кг ірі балыққа 15 теңге төлесек, биыл ол 26 теңгеге өсіп отыр. Ал, біз биыл балықтың қанша көлемде ауланатынын білмейміз, сол секілді қанша табыс түсетінін де болжай алмаймыз, судағы балық қорадағы мал емес қой, ал салықты қазірден бастап төлеп қоюымыз керек. Көреміз, -дейді Шакупов.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА