АҚШ мемлекеттік хатшысының Еуропа істері жөніндегі көмекшісі Виктория Нуланд. Вашингтон, 10 наурыз 2015 жыл. АҚШ билігінің мәлімдеуінше, соңғы күндері Ресей қақтығысты тоқтату келісімі күшінде екеніне қарамастан Шығыс Украинадағы сепаратистерге жаңа қару-жарақ берген.
"Біз Ресей шекарасынан танктер, бронды әскери техникалар, ауыр артиллерия мен зымыран қондырғыларының өткенін растай аламыз" деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік хатшысының Еуропа істері жөніндегі көмекшісі Виктория Нуланд сенаттың халықаралық қатынастар комитетінің тыңдауында.
Мәскеу сепаратистерді қаруландырып, Шығыс Украинаға әскер жіберіп жатқанын үнемі мойындамайды. Нуландтың айтуынша, АҚШ Мәскеу қақтығысты тоқтату шартын бұзса немесе жаңа территорияларды басып алған жағдайда қосымша санкциялар салу туралы еуропалық серіктестерімен жаңа диалог бастаған.
Шығыс Украинада әскери іс-қимылдарды тоқтату келісімі 15 ақпанда күшіне енген. Келісім бойынша, Украина шекарасына реформалар мен билікті орталықсыздандыру шешімі заңды күшіне енгенде ғана бақылау орната алады.
Дереккөз: Азаттық радиосы