Атырау, 25 қараша 13:26
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Борис Немцовтың өлімі туралы істе күдікті өз кінәсін мойындады

1 850 просмотра

Заур Дадаев Борис Немцовты өлтіргенін мойындады, - деп хабарлайды РИА Новости. Бұл туралы Мәскеу Басман сотының судьясы айтты. Еске салайық, Борис Немцов Мәскеуде 28 ақпанда қаза тапқан еді. Айта кетейік, бұл қылмыстық іске 5 адамның қатысы бар екені анықталды. 

Дадаевты қамауда ұстау мерзімі 28 сәуірге дейін болып белгіленді. Бұл мерзімге дейін Ресей саясаткерінің өлімін тергеу мерзімі бекітілген. Шешімге үш күн ішінде шағым келтірілуі мүмкін. "Дадаевтың кінәсі оның мойындағанымен расталады", - деді судья. Судья қамауда ұстау туралы шешімді Дадаевтың тергеуден қашып, куәгерлерге қысым көрсетуі немесе заттай айғақтардың көзін жоюы мүмкін деген негізде шығарып отыр. Сотталушы сотта осыған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын мәлімдеді. "Қазіргі уақытта еш жерде жұмыс істемеймін. Осыған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанмын", - деді Дадаев.   

Осы іс бойынша тағы екі күдікті өздерін қамауға алмауды сұрады. "Мен ешқандай қылмыс жасамадым", - деді Шагит Губашев. Ол денсаулығының да сыр бергенін айтты. Оның адвокаты Илья Трофимов тергеудің еш дәлелі жоқ екенін мәлімдеп, бұлтартпау шарасының қамауға алумен байланысты болмауын сұрады. "Мен бұған тіпті қатыспадым, ешбір қозғалыспен, тіпті бұл қылмыс туралы білмедім", - деп мәлімдеді Рамзан Бахаев. Ол алты баласына бару үшін үйіне жіберуді өтінді. Сонымен қатар, күдіктілер Тамерлан Эскерханов пен Анзор Губашев сот алдына келді. Эскерханов қылмысқа қатысының жоқтығын дәлелдемек болды. "Оқиға кезінде мен жұмыс орнымда болдым, күндегідей. Мұны растай алатын адамдар көп, әріптестерім бар", - деді ол. 

Айта кетейік, әзірше Борис Немцовтың өліміне қатысы бар деген айып бес күдіктінің екеуіне тағылып отыр: Заур Дадаев пен Анзор Губашевқа. Бірақ оларға нақты қандай бап бойынша айып тағылғаны белгісіз қалып отыр. Үшеуі - күдікті. Осыған дейін ақпарат құралдары осы қылмысқа қатысы бар тағы бір күдіктінің өлімі жайлы хабарлады. Ол Грозный қаласында тәртіп сақшыларына қарсылық көрсету кезінде өз-өзін жарып жіберді делінді. Кейбір мәліметке қарағанда, бұл іске сегіз адамның қатысы бар. Оның төртеуі қылмысқа көмектескен, яғни Губашев пен Дадаевқа қару-жарақ жеткізіп, саясаткерді бақылауда ұстаған. Анзор гипермаркеттердің бірінде күзетші болып жұмыс істеген. Заур болса "Север" шешендер батальонында қызмет еткен. Ұсталғандар, кейбір деректерге қарағанда, қылмыстық іс бойынша жауапкершілікке тартылмаған және іздеуде болмаған. 

Еске сала кетейік, 27 ақпаннан 28 ақпанға қараған түні Мәскеу орталығында белгісіз біреулер Ресейдің белгілі саясаткері Борис Немцовты атып кеткен болатын. Саясаткердің өлімі бойынша "Кісі өлтіру" және "Қару-жарақтың заңсыз айналымы" баптарымен қылмыстық іс қозғалды.

Дереккөз: tengrinews.kz

10 наурыз 2015, 11:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.