Атыраулық самбошылар жасөспірімдер арасындағы әлем және Азия чемпионаттарына үш жолдама жеңіп алды.
Петропавлда 1997-98 ж.т. жасөспірімдер арасында самбодан Қазақстан чемпионаты өтті. Турнир барысында үстіміздегі жылдың қазан айында Литвада өтетін әлем чемпионатына және осы жылдың мамырында Түркіменстанда болатын Азия чемпионатына қатысатын мықты спортшылар іріктелді.
52 келіге дейінгі салмақта Қайырберді Айдымбай (суретте) және 81 келіге дейінгі салмақта Елшат Абу «алтын» жүлде мен әлем және Азия чемпионаттарына жолдама алды. Ал үшінші жолдама мен «күміс» медальді қоржынымызға 87 келіден жоғары салмақта өнер көрсететін Райымбек Ашықбаев салды. Қыздар арасында Әнел Сүлейменова «қола» нәтиже көрсетті. Спортшыларды жаттықтырушылар Б.Қошқаров, Ж.Қиянов, К.Досқалиев, М.Есмағамбетов, А.Жұмабаев дайындады.
Ал, «Мұнайшы» спорт кешенінде ҚР ТЖ комитеті қызметкерлері арасындағы VII қысқы спартакиада аясында өткен жарыстарда атыраулықтар тек самбодан жүлде алды.
74 келіге дейінгі салмақта Данияр Кушанов «күміс» иеленсе, 100 келіге дейінгі салмақта Бейбіт Бохатов «қола» жүлдегер атанды. Екеуі де «Өрт сөндіруші» өртке қарсы қызметінің қызметкерлері болып табылады.
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
***
Атыраулық самбошы Қалжан ТАЙЖАНОВА қаңтарда Әлем кубогының екі кезеңінде екі қола жүлдеге қол жеткізді.
Жыл басында Алматыда өткен Әлем кубогының ҚР президенті жүлдесі кезеңінде Қалжан үшінші болып, Минскіде болған Белоруссия президенті А. Лукашенко жүлдесі кезеңінде осы жетістікті қайталады.
***
Атыраулық спортшылар Рязань қаласында өткен 1997-98 ж.т. жасөспірімдер арасында самбодан халықаралық турнирде үш медаль алды.
52 келіге дейінгі салмақта Қайырберді Айдымбай «алтын» алса, Асқар Есбосынов пен Еркебұлан Қуанғалиев (екеуі де 48 келіге дейін) «қола» медаль иеленді.
***
Таэквондодан облыс құрамасы Түркістан қаласында болған 2001-03 ж.т. кадеттер арасындағы Қазақстан чемпионатында тамаша өнер көрсетті.
Атырау қаласындағы 1-БЖСМ шәкірті Жадыра Хайруллина 55 келіге дейінгі салмақта 1-орын алып, ұлттық құрама сапында Қытайдың Тайбэ қаласында өтетін Азия чемпионаты мен Оңтүстік Кореяда болатын әлем чемпионатына қатысу құқығына ие болды.
Ганюшкиндік таэквондошылар Бейбарыс Нұрбаев (37 келіге дейін) және Виктор Рудыкин (53 келіге дейін) «күміс» медаль иеленді. Команданы жаттықтырушылар Е. Алагөзов, Р. Аманғалиев және А. Насихатов дайындады.
***
«Спешл Олимпик» ұйымының қолдауымен Алматыда ойлау қабілеті шектелген адамдар арасында боулингтен республикалық турнир өтті.
Атырау облысы құрамасы сапынан Нұрболат Уәлиев көзге түсіп, қола медаль алды. Команданың басқа мүшелері - Әлия Табылғанова, Әсем Молдағалиева және Андрей Абносов төртінші нәтиже көрсетті. Қорытындысында облыс құрамасы командалық есепте 3-орын алды.
***
Облыстық «Намыс» кекушинкай карате-до федерациясының спортшылары Астанада өткен «ТМД кубогы» халықаралық турниріне қатысты.
Алмаз Әлиханов (12-13 жас, 50 келіден жоғары) және Аманат Еділбаев (14-15 жас, 60 келіге дейін) қола жүлдегерлер атанды. Балаларды жаттықтырушылар Т.Нұрымов, М.Жолдасов және А.Котов дайындады.
Суретті«Намыс» кекушинкай карате-до федерациясы ұсынды
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ