Облыстық дзюдо федерациясындағы жаңалықтар туралы Атырау қаласындағы 1-ОРМБЖСМ аға жаттықтырушысы Талап МҰҚАНОВ (суретте) әңгімелеп берді.
-Дзюдо федерациясының есеп беру-сайлау конференциясында отставкаға кеткен Асан Раушановтың орнына федерация президенті болып қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ сайланды.
Ожаев біздің спорт түріміз туралы жақсы біледі. Ол еркін күрес пен қазақ күресінен Қазақ ССР чемпионы, спорт шебері. Исатай ауданы әкімі болып тұрған кезінде сол ауданның спортын көтерді. Қазір ол аптасына үш рет біздің мектебімізде жаттығу жасайды.
Федерацияның вице-президенті лауазымына белгілі жаттықтырушы, 1-БЖСМ директоры Бимырза ТАЙЖАНОВ сайланды. Ожаев оған келесі отырысқа федерация шәкірттерінің саны, сондай-ақ, тұрақты түрде жүлде алып жүрген спортшыларды, жаттықтырушыларды атап, жетіспейтін құрал-жабдықтар тізімін жасауға тапсырма берді. Олимпиадалық лицензияға үміткер Асхат Телманов пен Назгүл Құбашеваға «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы атынан ай сайын 50 мың теңге стипендия тағайындады.
-Қандай құрал-саймандар жетіспейді?
- Исатай, Махамбет, Жылыой аудандарындағы секцияларға жаңа татамилар керек. Қызылқоға ауданындағы БЖСМ-дегі мұндай мәселе шешілді, облыстық ІІД бастығының орынбасары, бұрын полиция қызметкерлері арасында әлем чемпионы болған Аян ДҮЙСЕМБАЕВ спорт мектебіне сыйлық жасады.
-Шәкіртіңіз Асхат Телмановтың жетістіктері туралы айтыңызшы...
- Асхат өнер көрсететін 60 келіге дейінгі салмақта бәсекелестік өте күшті. Риодағы Олимпиадада ел намысын тек бір ғана спортшы қорғайды.
Төртжылдықтың ең маңызды жарысына қатысуға Асхаттың мүмкіндігі мол, өйткені, ол бір деңгейде өнер көрсетуде. 2013 жылы Алматыда өткен «Гран При» сериясы турнирінде үшінші болды. Содан кейін Түркияда өткен «Үлкен дулыға» турнирінде бесінші орын алды. Бакуде өткен жарысқа дейін ол әлемдік рейтингте 24-орында тұрған, ал Әзірбайжан астанасындағы «күміс» жетістіктен кейін әлемнің он үздік дзюдошысы қатарына кіріп, «Топ-16» турниріне қатысу құқығына ие болды және сол жерде тағы да бесінші болды.
2013 жылғы Рио-де-Жанейрода өткен әлем чемпионатында Асхат үш белдесуде жеңіске жетіп, содан кейін Амиран Папинашвилиден ұтылды, бұдан соң ынталандыру белдесуінде Моңғолия құрамасы өкіліне есе жіберді. Осы салмақта қазақстандық Елдос Сметов та күрескен. Ол 7-ші нәтиже көрсетті.
2014 жылды Асхат Астанада өткен «Гран При» турнирінің «қоласымен» бастады. Содан кейін Шымкентте болған Қазақстан чемпионатында «күміс» иеленді. Асхат, менің ойымша, финалда қарсыласын бағаламағандықтан ұтылып қалды. Ол ақтық белдесуге өзін еркін сезініп шықты. Маған қарап, арқамнан қағып, «аға, уайымдамаңыз, жеңемін» дегендей болды. Ал, қарсыласы осал емес еді - ҚР құрамасының мүшесі Рүстем Ибраев болатын. Ол 2015 жылғы ақпанда Дюссельдорфта болған «Гран Приде» «қола» иеленді.
Жалпы, 60 келіге дейінгі салмақта Қазақстаннан 2016 жылғы Рио Олимпиадасына баруға 4 үміткер бар. Бұлар: тараздық Елдос Сметов – Азия ойындарының жеңімпазы, құлсарылық Айбек Имашев – Еуропа кубогының жеңімпазы, ақтөбелік Рүстем Ибраев пен атыраулық Асхат Телманов.
Қазір Асхат әлемдік рейтингте 26-орында, Ибраев 57-інші, Имашев 48-інші, Сметов 8-орында орналасқан. 23-26 наурызда Тбилисиде «Гран При» сериясының турнирі басталады. Егер біз сол жерде жүлде алсақ, Бакуде болатын «Үлкен дулыға» турниріне жолдама аламыз. Егер ол жерде де жеңсек, Мароккоға «Топ-16» додасына барамыз. Бұл турнирде жеті жүз рейтингтік ұпайға дейін жинауға болады. Осы жарыста біз Елдос Сметовты басып озуымыз қажет. Біз 2015 жылы Астанада өтетін әлем чемпионатының қазақстандықтарға бөлінген екі жолдамасының бірін жеңіп алуымыз керек. Егер әлем чемпионатында мықты бестікке кірсек, Риоға олимпиадалық жолдама қоржынға түседі.
- Асхат жарақат алмай, барлығы сәтті өтсін деп тақымыңызды қысып отыратын боларсыз?
-Құдайға шүкір, Асхат қазір жақсы күйде. Жапонияда болған оқу-жаттығу жиынынан ойдағыдай оралды. Айбек Имашевтың бұрын қолы шыққан еді, Жапонияда ол тізесін жарақаттап алыпты. Асхат барлық жарыстардан жарақатсыз өтсе деймін. Тбилисиге барар алдында бір үлкен қой шаламын. Бізде осындай дәстүр бар - әр жаттықтырушы өз шәкірті үшін құрбан шалады.
-Олимпиадалық жолдамаға тағы бір үміткер Назгүл Құбашева қалай өнер көрсетіп жүр?
-Назгүл 57 келіге дейінгі салмақта жаттықтырушы Жандос Қияновтың жетекшілігімен жарысқа шығып жүр. Қазақстан құрамасында оның бәсекелестері жоқ. Ол ҚР чемпионы, қазір ол Алматыда оқу-жаттығу жиынында жүр. Бірер күнде Еуропа кубогына жол тартып, алғашқы жүз рейтингілік ұпайын жинауға тырысады. Онымен бірге жарақатынан жазылған 2009 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Наурызбек Майлашев пен Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері Сұңғат Закарияев барады. Оларды Аманбай Қыздарбаев жаттықтырады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Сурет «ЖС»мұрағатынан алынды