Атырау, 23 қараша 09:03
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ресейден ағылған көліктер

6 266 просмотра

Қазақстан АвтоБизнес қауымдастығының деректері бойынша, осы жылдың басында Қазақстанның ресми автомобиль нарығында өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда сатылымның 40,42%-ға төмендегені байқалған. Қаңтарда отандық өндіріс көліктерінің саудасы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 62,2%-ға құлдыраған. Отандық көлік өнеркәсібінің бұл проблемаларын Ресей Федерациясынан ағылған арзан көліктермен байланыстырады. Көрші елде рубльдің құлдырауына байланысты ресейлік дилерлер белгілеген төмен бағалар қазақстандықтарды әлі қызықтырып отыр.

Волгоград, Самара, Тольятти, Омбы, Томск, Новосібір, Түмен, Мәскеу... Отандастарымыз Ресейден арзан көліктерді алып келу географиясын кеңейтуде. Рубль күрт құлдыраған өткен жылдың аяғында қазақстандық және ресейлік автокөлік нарығындағы баға айырмашылығы шамамен 40%-ды құрады. Жыл басында ресейлік дилерлер шетелдік сатып алушылардың ағылуына байланысты өз бағаларын өзгерте бастады. Ресей өндірісінен шыққан көліктер орта есеппен 9%-ға, салондардағы шетелдік көліктер 20%-ға қымбаттады, алайда, бағалар әлі күнге дейін қазақстандықтарды қызықтырып отыр. Әлеуметтік желілер мен көлік әуесқойларының форумдарында жаңадан «қуып» келген автокөліктердің суреттерімен бірге Ресейдегі рэкетирлердің шабуылы, делдалдардың көз көре алдауы сияқты келеңсіз оқиғалар туралы жазбалар жеткілікті. Ресейден Атырауға автокөліктерді қаншаға және қалай айдап келгендері жөнінде қуана хабарлап отыратын адамдарды табу қиын болмаса, зардап шеккен адамдарды іздеу оңай болмады. Осыдан кейін артыңнан қуып, шабуыл жасау оқиғаларының бәрі рас әңгіме ме, әлде ойдан шығарылған аңыз ба, өзіңіз шешерсіз.

 

АҚШАҢЫЗ БОЛСА, БӘРІН ЖАСАЙМЫЗ

Баршамызға белгілі, сұраныс ұсыныс тудырады. Кейбір еті тірі ресейліктер отандастарымыздың арзан көлік алғысы келетіндіктерін пайдаланғысы келіп, бизнес ашып жатыр. Мөлшері клиенттің қалауы мен қажеттілігіне байланысты өзгеріп отыратын алдын ала келісілген сомаға жаңа кәсіпкерлер қазақстандықтарды Ресей Федерациясы шекарасынан, әуежайдан немесе вокзалдан күтіп алып, ұялы байланыс, интернет, тұрғын үймен қамтамасыз етіп, көлік іздеп, сатып алуға кететін бар уақытта автогид болып, Қазақстан шекарасына дейін шығарып салуға дайын. Қызмет көрсетушілер тез арада қажетті автокөлікті тауып беруге, сатушымен кездесуді ұйымдастырып, саудаласуға көмектесуге сөз береді. Ең бастысы, сатып алушылардың ағылуына байланысты көбейіп отырған алдау-арбау және алаяқтық фактілерінен қорғап, қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз деп уәде береді.

Ресейлік автокөліктерді сатып алуда қазақстандықтарға кездесуі мүмкін кедергілер туралы қазір Мәскеуде тұратын жерлесіміз Дмитрий ПАК әңгімелеп береді.

Дмитрий 2001 жылдан бері Мәскеуде тұрады және жұмыс жасайды, алайда осы уақытқа дейін отандастарымен байланысты үзбеген. «РЖД» ААҚ мекемесінде инженер-конструктор мамандығы бойынша жасайтын негізгі жұмысымен қатар ол жерлестерін Мәскеуде қарсы алу-шығарып салу жұмыстарымен айналысады.

- Өткен жылы рубль бағамы құлдырап, бағалар біраз уақыт сол күйінде қалған кезеңде Ресейге қазақстандықтар ағылып келе бастады, - дейді Дмитрий.– Тек автокөлікті ғана емес, кез келген тауарды Ресейден Қазақстанға тасу тиімді болды. Жұмысым көбейді. Қазір де, баға көтерілгеніне қарамастан, менің қызметіме сұраныс көп. Өткен жылдың қазанынан бері мен 15-ке жуық машина айдап алып келдім. Бұл тек Атырауға дейін. Астраханға дейін бірнеше тапсырыс болды. Менің негізгі міндетім - автокөлік айдап келу емес, жерлестерімізді мәскеулік автосалондар мен арсыз сатушылардың алдап-арбауынан қорғау. Мен өз клиенттерімді күтіп алып, шығарып саламын, қалауларына қарай көлік таңдаймын, қажетті құжаттарды ресімдеумен айналысамын.

- Сіздің ойыңызша, автокөліктерді таңдағанда атыраулықтар басты назарды неге аударады?

- Toyota маркасы үлкен сұранысқа ие. Бұл көлік атыраулық көлік әуесқойлары арасында кең танымал – арзан сервис, қосалқы бөлшектер де қолжетімді. Сонымен қатар, атыраулықтар премиум-класты Lexus автокөліктерін жиі алады. Екінші орынға Nissan көлігін қояр едім. Nissan өз автокөліктеріне еуропалық кепілдік беретінін көп адам біле бермейтін шығар, Атырауда ресми дилері бар болғандықтан, бұл кепілдік ҚР аумағында да сақталады. Кейде жерлестеріміздің таңдауы мені қатты таңғалдырады. Peugeot, Citroen сияқты тек Ресейде ғана оңдауға болатын көліктерді алып не керек? Неміс көліктерін көп адам сатып алмайды, тек автомобиль мен оған қызмет көрсетуге көп ақша төлей алатындар ғана тәуекел етеді.

-Автокөліктерді ресейлік автосалондардан сатып алған жерлестеріміз бағадан көп ұта ма?

-Мен былай дер едім, егер адамдар барып, сатып алып жатса, бағада айырмашылық бар деген сөз. Салыстырып көріңіздер, жаңа жылға дейін, мәселен, толық кешенді Nissan Terrano барлық қосалқы жабдықтарымен, ресімдеуімен, сондай-ақ, менің қызметтерімді қосқанда бір клиентіме 17 000$-ға шықты. Жаңа жылға дейін «элеганс плюс» кешенді Toyota Camry менің қызметтеріммен бірг 20 000$ болды. Осы жылдың басында толық кешенді және барлық қосымша жабдықтары, автопарковка жүйесі қосылған Nissan Qashqai көлігі 25 000$ тұрды. Толық кешенді Nissan Juke автокөлігінің рестайлингті моделі (Атырауда әзірге жалғыз) менің клиентіме 18 500$-ға шықты.

-Ұсталған көліктерге сұраныс қалай?

-Оларға да сұраныс жақсы, өйткені, бағалар өте арзан. Алайда қолдан алған қауіптірек. Мен бұзылған немесе соғылған көлікке тап болуыңыз мүмкін деп отырған жоқпын, қолдан алғанда кепілдікте немесе іздеуде тұрғандарын алу қаупі басым. Ресейде ұрланған және қамаққа алынған автокөлік құралдары бойынша бірыңғай деректер базасы жоқ. Автокөліктің «таза» екенін тексеру қиын, тіпті, кейде мүмкін емес. Оған қоса, адамдар өте төмен бағаға қызыққыш келеді. Көлікті ресімдеген бірқатар келеңсіз жағдайлар ашылуы мүмкін, нәтижесінде көлігіңізді есепке қоя алмай, әбігерге түсесіз.

- Ірі ресейлік автосалондар да біздікілерді алдағысы келеді деген әңгімелер де жоқ емес...

-Туындаған қарбаласқа сәйкес ресми дилерлер өз автокөліктерінің бағасын көтере бастады. Осы кезде, жауыннан кейінгі саңырауқұлақша, жалған ресми дилерлер пайда бола бастады және олар клиенттерді бұрынғы төмен бағалармен шақырды. Өзім осындай арамза үш салонмен кездестім. Алдау сызбасы қарапайым және осы автосалондардың барлығы оны бірдей қолданады. Сіз үйде отырып, автосалонмен хабарласып, өзіңіз қалаған автомобильдің бар-жоғы туралы сұрайсыз. Сізге барлық көліктер бар деп жауап береді. Бұған қоса, сізді қуана қарсы алып, сыйлық ретінде ұшаққа билет немесе Ресей-Қазақстан шекарасына дейін жүк көлігімен жеткізіп береміз деп сөз береді. Керемет ұсыныс емес пе? Ұзақ жол жүріп, сіз автосалонға келесіз, сізге көлікті көрсетіп, алдын ала шарт жасап, ақшаның бір бөлігін төлеуіңізді ұсынады. Алдын ала төлем әр салонда 50-ден 100%-ға дейін болуы мүмкін. Клиент ештеңеге қарамастан қолын қойып, алдын ала төлемді төлеп те қояды. Енді сәл күткеннен кейін көлік сіздікі болады. Алайда осы жерде ең қызықтысы басталады! Күту бірнеше сағатқа созылуы мүмкін. Сіз өз көлігіңізді талап ете бастағанда сізге екі есе қымбат тұратын машинаның төлқұжатын ұсынғаны анықталады. Бірнеше сағат бұрын өзіңіз қол қойған шартта енгізілген кепіл ақша қайтарылмайды деп тайға таңба басқандай анық жазылып тұр. Сол кезде клиент ақшасыз кері қайтады немесе тағы ақша төлеп, қымбат көлікті алып қайтады. Тағы бір үшінші нұсқасы бар. Мысалы, сізге өзіңіз қалаған көлікті ұсынуы мүмкін, алайда салон комиссиясын, кәдеге жарату салығын төлеп, армандаған көлігіңізге тағы 45-60% қосымша ақша қосасыз. Нәтижесінде алданған клиент ақша тауып, Атырау бағасынан да қымбат көлікті алып қайтуға мәжбүр болады.

Ресми дилерлер де кейбір қулықтарға барады. Олар басында бір бағаны айтып, сатып алу кезінде клиент 50 000 рубльден басталатын ақшаға қосымша жабдықтар, Қазақстанға мүлдем керек емес КАСКО сатып алуға міндетті екені анықталады. Сондай-ақ, барып тұрғанда естіген Қазақстан азаматтары үшін автокөлік бағасы 5-7% қымбат болады деген жаңалық та жағымды болмасы сөзсіз. Алудан бас тартсаңыз, сізге ақшаңызды қайтарады, алайда осында келгелі жойған ақшаңыз бен уақытыңызды есепке алып, өзіңізге тиімсіз болса да келісімге келуге мәжбүр боласыз.

Арзан көлік алғысы келетіндер түсетін тағы бір тұзақ – бір күндік салондардың интернеттегі әдемі сайттары. Сатушы интернет арқылы сізге қажетті көлікті өзіңізге ыңғайлы уақытқа брондап, кепіл ақша салуыңызды талап етеді. Клиент ақша аударған бойда сатушы ізін суытады.

Алғашқы екі сызба бойынша алданған жерлестеріміз туралы бірнеше шынайы оқиғаларды білемін.

- Мұндай жағдайлардан қалай қорғануға болады?

- Көлік іздеп жүрген кезден-ақ сатушымен барлық ұсақ-түйекке дейін келісіп алу керек. Қол қоярда барлық құжаттармен мұқият танысуыңыз қажет.

-Жолда бандылар ақшаңды, сатып алып келе жатқан көлігіңді тартып алып жатыр деген жантүршігерлік оқиғалар шын ба әлде ойдан шығарылған ба?

- Шынайы болған оқиғалардан мысал келтірмей-ақ қояйын. Алайда, Ростов трассасында түнгі уақыттарда жүріп керек емес. Ірі көлемде қолма-қол ақша алып жүрмеңіздер. Сақтықта қорлық жоқ.

Дайындаған Тамара СУХОМЛИНОВА

5 наурыз 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.