– 2014-2020 жылдарға есептелген Атырау қаласындағы апатты, тозығы жеткен баспаналарды және жатақханаларды күреу бағдарламасы қалай орындалуда?
Наталья
СұраққаАтырау қаласы әкімінің орынбасары Амантай АЙТБАЕВ түсінік берді:
– Аталмыш бағдарламаға сәйкес жаңа үйлерге Әйтеке би көшесіндегі №21, Әуезов көшесінің бойындағы №21, Яблочный өткеліндегі №3, Бейбітшілік даңғылындағы №62, 72, Баймұханов көшесіндегі №50, Камышинский өткелі бойындағы №1 және Жарбосынов көшесіндегі №10 апатты үйлердің тұрғындары көшірілді.
Баймұханов көшесі, 39 мекен-жайындағы жатақхана тұрғындарын жаңа үйге көшіру үй құрылысының аяқталмауына байланысты 2014 жылдан 2015 жылдың 1-ші жартыжылдығына ауыстырылды.
Барлығы 69 отбасы қоныстой жасады. Олар Нұрсая ықшамауданы мен Сырым Датов көшесіндегі жаңа үйлерден пәтер алды. «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының (әрі қарай - Заң) 15-бабына сәйкес, жер телімдерiнiң мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иеліктен шығарылуына байланысты тұрғын үй бұзылған жағдайда меншiк иесiне оның тұрғын үйi бұзылғанға дейiн өз таңдауы бойынша меншiгiне жайлы тұрғын үй берiледi немесе тұрғын үйдiң нарықтық құны мөлшерiнде өтемақы төленедi.
Заңның 106-бабына сәйкес, тұру үшiн жарамды тұрғынжай осы елдi мекен шегiнде болуға әрі санитариялық-эпидемиологиялық және техникалық талаптарға сай келуге тиiс. Көшiп-қону азаматтың тұрғын үй жағдайын төмендетуге әкелiп соқтырмауға тиiс.
Бағдарламаға сәйкес күрелетін үйдің орнына бағасы тең келетін баспана ұсыну ғана қарастырылған, ақшалай өтемақы төлеу қарастырылмаған.
Бағдарламаға қандай да болмасын өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отырған жоқ.