– Байжігітов көшесінің бойындағы 2 қабатты 8 пәтерлі №76 үй 1930 жылы қамыстан салынған. Орталық кәріз жүйесі жоқ, тек септик бар. Лық толған септиктен кәріздік сарқынды сулар топыраққа ағып кетеді. Ал өзен 100-150 метр жерде орналасқан. Сондықтан қалдықтардың өзенге құйылуы әбден мүмкін. Ал бұл суды қала тұрғындары пайдаланады. Үйдің тозығы жеткен, жылу ұстамайды, пәтерлерде ауыз су тұрбалары қатып қалады. Біз жылу жүйесіндегі суды ішуге мәжбүрміз. Кәріз жүйесінің иісінен қысы-жазы терезені ашу мүмкін емес. Шалшықтарды қамыс басып, шыбын мен масаның ұясына айналған. Санэпидстанса бұл фактілерді елемей отыр. Бұл үй қашан күреледі?
Сұраққа Атырау қаласы әкімі Нұрлыбек Ожаев жауап берді:
– Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 31-бабына сәйкес, сыртқы қабырғалар, шатырлар, балкондар, подъезд және басқалар осы үйдегі пәтер қожайындарының меншігі болып табылады. Соған орай, пәтердің меншік иелері өз баспаналарына өздері қызмет көрсетіп, өздері жөндейді. Жергілікті атқарушы биліктің бюджетінде мұндай жұмыстарға қаржы қарастырылмаған. Өйткені, үй жеке меншік иелігінде, сізге оған қызмет көрсету үшін кооператив құру керек. Әкімдік кооператив құру мәселесі бойынша кеңестер беруге әзір.