Фото: Kommersant.ru27 ақпаннан 28 ақпанға қараған түні Мәскеу орталығында белгісіз біреулер Ресейдің белгілі саясаткері Борис Немцовты атып кетті, - деп хабарлайды Life News. Оқиға Васильев еңісінде болды.
Алдын ала мәліметке қарағанда, киллер 55 жастағы саясаткерді төрт рет атып, оқиға орнынан қашып кеткен. Немцов алған жарақатынан оқиға орнында қаза тапты.
Оппозиционердің өлімін оның "Республиканская партия России - Партия народной свободы" партиясындағы әріптесі Илья Яшин растады. "Немцовты атып кетті. Ол өлді", - деп жазды ол Facebook желісіндегі парақшасында.
Яшин Немцовтың өлімі жайлы РИА Новости агенттігінде де хабарлады: "Қазір мен көз алдымда, өкінішке орай, Бористың мәйітін көріп тұрмын. Үлкен Замоскворецк көпірі. Мәйітті көріп тұрмын және айналасында полицейлер өте көп", - деді ол.
Желіде оқиға орнынан бірінші суреттер мен видеолар пайда болды.
Ресей президенті Владимир Путин бұл өлімде қастандық және арандату сипаттары бар деп санайды. Сонымен қатар, оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтің айтуынша, Ресей президенті Ресей федерацисының Тергеу комитетіне, Ішкі істер министрлігіне және Федералды қауіпсіздік қызметінің басшыларына тергеу тобын құрып, осы қылмыстың тергеу барысын жеке бақылауға алуын тапсырды. Сонымен қатар, ол Ресей президентінің Борис Немцовтың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтатынын жеткізді.
Борис Немцов "Солидарность" қоғамдық қозғалысының негізін қалаушылардың бірі әрі көшбасшысы болды, "РПР-ПАРНАС" партиясының тең төрағасы және Ресей оппозициясының координациялық кеңесінің мүшесі болды.
Бұған дейін ол Нижегород облысының тұңғыш губернаторы ретінде белгілі болған еді. Ресей үкіметінде энергетика және отын ресурстары министрі қызметінде, үкімет төрағасының бірінші орынбасары болды. Ресей Федерациясының Қауіпсіздік кеңесі құрамына кірді.
Дереккөз: tengrinews.kz