Абботтабад қаласындағы Усама бен Ладеннің үйі. Фото: Shaukat Qadir / AP «Әл-Каида» Ресей мен Еуропада лаңкестік жасамақ болған. Reuters-тің хабарлауынша, оған 2011 жылы Пәкістанның Абботтабад қаласында лаңкестік топтың көшбасшысы Усама бен Ладеннің көзін жою кезінде тәркіленген құжаттар дәлел бола алады.
Құжаттар сәрсенбі күні, 25 ақпанда, Нью-Йорк сотында Нью-Йорк метросы мен Манчестер қаласындағы сауда үйінде лаңкестік ұйымдастыру ісіне қатысы бар деген күдікпен айыпталған Пәкістан тумасы Әбид Насырдың ісін қарау кезінде ұсынылды.
Прокуратура жария еткен бен Ладеннің атына жазылған хатта, сондай-ақ, «Әл-Каида» мүшелерін Ресейге жіберіп, газ құбырларын жарып жіберу, АҚШ елшілігіне шабуыл жасау жоспарлары туралы айтылған. Оған қоса Ұлыбританияда да «бірнеше нысанға» шабуыл жасау жайы баяндалған. Хаттың авторы мен оның жолданған күні құпия күйінде сақталуда.
Естеріңізге сала кетейік, Уcама бен Ладен 2011 жылы Пәкістанның Абботтабад қаласында америкалық арнайы қызмет өкілдерінің ұйымдастырған операциясы кезінде қаза тапты. «Әл-Каида» басшысының мәйіті теңіз қойнауына тасталды.
Дереккөз: bnews.kz
26 ақпан 2015, 14:25
Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.
Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.