Киевтегі валюта айырбастау орындарының бірі. 24 ақпан 2015 жыл.Украина Орталық банкі уәкілетті банктердің клиенттері үшін шетел валютасын сатып алуына уақытша тыйым салды.
Ақпанның 25-і мен 27-сіне дейінгі аралықта салынған тыйым - Украина Орталық банкінің құнсызданған ұлттық валюта - гривенді қолдау шараларының бірі саналады.
Орталық банк бұған қоса арнайы есеп-шоттардағы депозиттер арқылы шетел валютасын сатып алу және көлемі 500 мың АҚШ долларынан асатын импорттық ақша аударымдарына алдын-ала төлем жасау үшін күтетін уақытты үш күннен төрт күнге дейін ұзартты.
Украина экономикасы елдің шығысындағы қақтығыстардан былтырдан бері қатты зардап шегіп, ұлттық валюта 70 пайыздайға құнын жоғалтқан.
Ақпанның 23-інде гривенмен саудаласу көлемі бір апта бұрынғы көрсеткіштен тоғыз пайызға азайған соң Орталық банк шетелдік банк аккредитивінсіз 500 мыңнан асатын көлемде төлем жасауға шектеу қойған.
Дереккөз: Азаттық радиосы