Атырау, 28 қараша 06:23
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Отансүйгіштік бағамен өлшене ме?

3 824 просмотра

Үкіметтің таяуда өткен кеңейтілген отырысы барысында Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қазақстандықтарды отандық өндірістегі өнімдерді сатып алуға шақырды. Осыдан кейін кейбір өңірлердің әкімдері өздері сауда жасап көрсетті, ал супермаркеттер «Қазақстанда жасалған» деп аталатын жеке бөлімдерді ұйымдастыруға асықты. Біз де отандық тауарлардың бәсекеге қабілеті мен оларға тұтынушылардың сұранысын анықтау үшін дүкендер мен базарларды аралап шықтық.

БАҒАЛАР ӘРТҮРЛІ

«Атаба» мен «Идеал» желілерінің супермаркеттерін аралағанда жағымды үрдісті анықтадық. Бірқатар қазақстан-дық өнімдердің бағасы төмендепті. Мәселен, «Идеалда» отандық өндірістің «Ақ құс», «Алель» тауық еттері 845-тен 780 теңгеге арзандаған. Ресейлік өндірістегі тауықтар бағасы да осындай. Отандық қышқыл сүт өнімдерінің кейбір түрлерінің бағасы да түскен. «Атаба» супермаркеттерінде кейбір қазақстандық өнімдерді қолыңызда осы сауда желісінің тиісті кәртішкесі бар болса, едәуір жеңілдіктермен сатып алуға болады.

Егер қазақстандық және ресейлік өндірістегі өнімдер арасындағы баға айырмашылығы туралы айтар болсақ, бұл көрініс шым-шытырық деуге болады. Мәселен, ресейлік «Простоквашино» сүті (майлылығы 3,2 пайыз) орташа алғанда 265-280 теңге, «Домик в деревне» - 280-300 теңге, «Савушкин» (майлылығы 3,1 пайыз) – 245 теңге тұрады. Осындай майлылықтағы қазақстандық сүт 170 теңге («Зорькин луг»), 230 («Милоко» және 240-270 теңге («Одари») және 280 («Айналайын») теңге тұрады. Айранға да қатысты солай. Майлылығы 2,5 пайыз болатын ресейлік «Добрая Буренка» - 230-260 теңге, «Солнышко Кубани» – 270-290, «Савушкин» – 310-325. Отандық «FoodMaster» айраны – 270-340 теңге, «Айс» – 290-300, «Мумуня кефирная» – 240-250 теңге. Қаймақ пен сүзбенің баға диапазоны кең, алайда қазақстандық өнім ресейлік өнімнен қымбаттау. Орташа алғанда біздің күнбағыс майымыз 300 теңгеге, ал ресейлік май 250 теңгеге шығады. Отандық күріш – 250-320 теңге, ресейлік – 250-290 теңге.

«Идеал Маркет» ЖШС коммерциялық директоры Раиса ГОЛУБЕВА Атырауға Қазақстан үшін арзандап кеткен ресейлік өнімдердің көптеп келуіне байланысты өздерінің сауда желісінде тауарлар түріне едәуір өзгерістер жүргізілмегенін атап өтті:

Біз ассортиментімізді Ресейдің анағұрлым арзан өнімдерімен толтырған жоқпыз. Бакалея отандық өндіріс тауарлары тұрғысынан жеткілікті ауқымды. Баға саясаты аса көп өзгерген жоқ.

Аз ғана болса да, қазақстандық өндірістен шыққан азық-түлік бағаларының төмендеуі жаппай байқалады.

Бұл қазіргі жағдайда заңды құбылыс. Ресейден арзан азық-түліктер көптеп келіп жатқандықтан біздің өндірушілер бәсекелестікті ұстап тұру үшін осындай қадамға барады, - дейді Атырау облысына азық-түлік жеткізушілердің бірі. – Ресейлік азық-түліктердің әртүрлі бағаларына келер болсақ, салықтар мен алымдардың барлығын төлейтін Ресейден тауар жеткізетін кәсіпкерлер қазіргі жағдайда ұтылып отыр. Шағын дүкендердің көпшілігі бүгінде азық-түліктерді бізден сатып алмайды, өздері тікелей Ресейге барады. Базарлар мен жайма сауда жасайтын жерлерде де солай. Әрине, егер саудагер сол Астраханға өзі барса, оның тауарының бағасы оны бұрынғыдай ірі жеткізушіден сатып алған бағадан төмен болады. Біз осы тұрғыда, мәселен, шамамен 30 пайыз көлемді жоғалттық.

 

ҰСТАМДЫЛЫҚПЕН ҚОЛДАУ

Сатып алушылар отандық өндірушілерді қолдауға әзір ме? Azh.kz сайтындағы сауалнама тек қазақстандық өнімді сатып алуға жауап берушілердің 45 пайызы ғана әзір екенін көрсетті. Ал, адамдардың өздері бұған не дейді екен.

Лейла ІЗТЕЛЕУОВА:

«Отбасымызда төрт баламыз бар, қазір күйеуім ғана жұмыс істейді. Ақша мүлдем жетпейді. Сондықтан тауар сатып аларда мен үшін бастысы – бағасы. Қайсысы арзан, соны аламын».

Бауыржан АСАНОВ:

«Біз демалыс күндері қалалық жәрмеңкеден сатып алуға тырысамыз, ол жерде арзандау болады. Отандық өндірушілерді қолдауға келсек, шағын мысал келтірейін. Маған «Food Master» айраны қатты ұнайды, сондай сапалы, дәмді. Үйімнің жанындағы супермаркетте ол 290 теңге тұрады. Жәрмеңкеге барсам, ол жерде ресейлік «Солнышко Кубани» айранын 170 теңгеден сатады. Бұл айран да жаман емес. Айырмашылық көп екенімен өзіңіз де келісерсіз, соншалықты дәмді болмаса да, ресейлік айранды сатып аламын. Қалған азық-түліктер де солай. Егер баға айырмашылығы едәуір көп болса, арзанын аламын».

Наталья ЗАРЕЦКАЯ:

«Мен азық-түліктерді сатып аларда олардың сапасына назар аударамын. Қазақстандық өнімнен бірін алсам, енді бірін ресейлік өнімнен аламын. Жергілікті өндірушілерді қолдағым-ақ келеді, бірақ бұл үнемі орындала бермейді. Мәселен, отбасыммен анағұрлым табиғи сүт тұтынуды ұйғарған едім. «Көктем» базарынан «Первомайский» шаруа қожалығының өнімдерін сатып алдым. Енді «Көктемдегі» бұл нүкте жабылып қалды, дүкендерде бұл сүт сатылмайды. Ал, «Динаға» әр мезет бару қолайсыз. Ресейлік аналогын таптым. Неліктен жергілікті өнімнің біз үшін қолжетімсіз болатындығы түсініксіз. Өзіміздің өндірушілерді қуана-қуана қолдар едім».

Раушан БИСЕНОВА:

«Өнімдерді таңдағанда мен олардың құрамына назар аударамын. Егер сүт қалпына келтірілген құрғақ сүттен жасалған болса, мен оны алмаймын. Қаймағы алынбаған сүтті аламын. Құрамында өсімдік майы бар сүзбені алмаймын. Солай кете береді. Мені олардың бағалары қызықтырмайды. Тоңазытқышымда біздің өндірістен де, сырттан әкелінген өнімдер де тұр. Отбасымызбен көп жылдардан бері тұтынатын отандық өндірушілердің өнімдері бар. Бағасы үшін олардың аналогын іздемеймін».

Айсұлу ҚУАНЫШЕВА:

«Азық-түліктерді «Дина» базарынан сатып аламыз, арзанын іздейміз. Отансүйгіштік жақсы-ау, бірақ бәрін үнемдеуге тура келеді. Сондықтан қазақстандық өнім үнемі ұта бермейді».

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

26 ақпан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.