23 ақпанда Атырауға атыраулық мұнайшыларға өз қызметтерін ұсынған омбылық кәсіпкерлер келді.
Омбы делегациясы мұнай-газ кешені үшін сервистік қызметтер көрсетуге маманданған тоғыз компанияны таныстырды. Олардың қатарында динамикалық және электротехнологиялық мұнай жабдықтарын жөндеумен және оларға техникалық қызмет көрсетумен айналысатын «Газпромнефть-ОНПЗ» жөндеу-механикалық зауыты» ЖШҚ, өңдеуші кәсіпорындар үшін синтетикалық каучук, органикалық синтез өнімдері мен басқа шикізаттар өндірумен және жеткізумен айналысатын «ГК «Титан» ЖАҚ бар.
- Болашақта атыраулық кәсіпкерлермен экономиканың басқа салалары бойынша да серіктестікті жолға қоюды жоспарлап отырмыз. Біздің бүгінгі мақсатымыз – Атырау облысындағы мұнай-газ өндіруші кәсіпорындардың мамандарымен кездесу өткізіп, омбылық компаниялардың қызметі қаншалықты қажет екендігін білу. Егер түйісу нүктесі табылса, бұл екі ел үшін де үлкен артықшылық болады, - деп атап өтті Омбы Сауда-Өнеркәсіп палатасының вице-президенті Андрей ТИТОВ.
Кездесу барысында ресейлік компаниялардың әрқайсысы өз таныстырылымдарын өткізді. Шара өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюмен аяқталды. Әрі қарай Омбы делегациясы өңірдегі бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарға (АМӨЗ, Ембімұнайгаз, АтырауМұнаймаш, Рауан Налко) аяқ басты.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Сурет кәсіпкерлердің ұлттық палатасының баспасөз қызметінен алынды