Үйдегі жылу радиаторлары кенеттен суып кетіп, көшеде -20 градус аяз болса, не істеу керек, кімге шағымдануға болады? Тұрғындардың сауалына «Атырау жылу желілері» АҚ (АЖЖ) вице-президенті Андрей ЖАНДИН (суретте) жауап береді.
КЕМІНДЕ 20 ГРАДУС БОЛУЫ КЕРЕК
- Тұрғын үйлердің ішкі жылу беру және ыстық сумен қамту желілерінен қанша ыстық су кету оқиғалары болды?
- Ағымдағы жылу беру маусымында үйлер ішіндегі су кету салдарынан 133 ыстық сумен қамту және 82 жылу беруді ажырату орын алды. Жылу беруді ажыратудың көп бөлігі (35) өткен жылдың қазанында, қосу кезеңінде болды. Бұған ПИК-тердің қысқа дайындық жұмыстарындағы олқылықтар себеп болды. Себептер әр түрлі: жылыту құбырларының ағызу қақпақтарын жабуды ұмытқан, пәтерлерде жылыту радиаторлары түсірілген, кей жерлердің құбыр желілерінде фланецті қосылу жерлеріндегі аралық төсемелері кетіп қалған және т.б. Абырой болғанда, туындаған ақауларды ПИК уақытында жойып, үйлерге жылу беру қалпына келтірілді.
- Қалалық жылу беру желілерінде температуралық режим неге байланысты?
- Жылу желілеріндегі температура сыртқы ауа температурасына байланысты. Далада күн жылығанда, жылу желілерінде айналатын жылу тасымалдағыштың температурасы, керісінше, төмендейді. Жылу тасымалдағыштар температурасын реттеу қалалық әкімдіктің келісімі алынған температуралық кесте бойынша жүргізіледі. Стандарт бойынша орынжай ішіндегі температура Цельсий бойынша 20-21 градусты құрау керек.
- Егер пәтердегі температура белгіленген нормаға сәйкес келмесе, не істеу керек?
- Жылымау фактісі туралы 32-22-58 телефоны бойынша АЖЖ деспетчерлік қызметіне хабарлау керек. Сонымен қатар тұрғындар Уәлиханов көшесі, 8 мекенжайында орналасқан АЖЖ-ның орталық кеңсесіне немесе Махамбет көшесі,110 мекенжайындағы «Атырау ЖЭО» АҚ жылу энергиясын өткізу қызметі офисіне жазбаша хабарласа алады.
Шағымда көрсетілген мекенжай бойынша құрамында АЖЖ, ПИК мамандары, жылу энергиясын өткізу қызметі қызметкерлері бар комиссия жіберіледі. Сапасыз жылумен қамту себебі анықталып, жойылады, бұл туралы акт жасалады.
- Сапасыз жылу берудің көп кездесетін себептері қандай?
- Пәтерлердегі ыстық судың жеткіліксіз температурасының себептері мынадай болуы мүмкін: ыстық судың тұрғын үйлер мен жертөлелерге кірер жерлерінде рециркуляциялық желілерінің («кері айналу») жоқ болуы; жертөлелер мен ыстық су құбырларында тиек арматурасындағы ақаулар; жертөледегі ыстық су құбырларын су басу; пәтерлердегі тарату құрылғыларының бұранда тетіктерінің ақаулығы, су өлшегіштер немесе су реттегіштер алдына салынған желілік сүзгілердің бітелуі.
Жылыту маусымы басталғаннан бері қала тұрғындардан 12 сапасыз ыстық сумен қамту жөнінде шағып келіп түсті. Зерттеу қорытындылары бойынша барлық жағдайларда да жылытпау себебі үйішілік және тұрғындардың пәтерлерінің ішіндегі желілердегі ақау болып шықты.
Жалпы, жылыту маусымы басталғаннан бері сапасыз жылумен қамту жөнінде 72 шағым түсті. Комиссиялық тексеру кезінде 37 шағым бойынша жылымау фактісі расталған жоқ – пәтердегі
температура 20-21 градустан төмен болмады. Қалған жағдайларда жылымау себептері келесідей болды: үш жағдайда – тұрғындар жөндеу жұмыстарын жасаған кезде ыстық су құбырының диаметрін кішірейткен; 11 жағдайда - жылыту радиаторларының бітелуі; 14 жағдайда – жертөледе немесе пәтерде жылыту сызбасын өзгерту (кіші диаметрлі құбыр пайдалану, жылу жүйесі құбырларына «жылы еден» жүйесін және қосымша радиаторлар қосу); жылыту жүйесінде ауа қалу – екі жағдайда; бес жағдайда – құбырлардағы тиғыштардың ақаулығы.
ҚҰЗІРЕТТЕРДІ БӨЛІП ҚАРАЙЫҚ
- ПИК-тердің кінәсінен орын алған жылудың болмау немесе жылымау фактілерін атаңызшы.
- 3 және 10 ақпан аралығында «Олжа» ПИК СМП-163 ықшамауданындағы №5 «б» үйіндегі үйішілік жылу құбырындағы апат салдарын жою бойынша шара қабылдамады. АЖЖ мамандарының көптеген ескертулеріне ПИК назар аудармады. АЖЖ құбырдың апатты учаскесіндегі жөндеуге араласуға мәжбүр болды. Алайда бұл ПИК-тің шаруасы болатын.
Өткен жылдың 5 қарашасында «КС-Бытсервис» ЖШС-тен Авангард 4-ықшамауданындағы №7 үйдегі екі пәтердің жылымауы туралы арыз келіп түсті. ЖШС пәтерлердің жылымау себептерін анықтау үшін өздігінен ешқандай шара қолданбай, бізге хат жаза салды. Зерттеу үдерісінде жертөледегі жылыту құбырлары тиғыштарында ақау бар екені анықталды.
АЖЖ-ға Сырым |Датұлы, 11 мекенжайындағы үйдің 7 пәтерінің жылынбау себебін анықтауға өтініш білдірген «АқЖолТемір» ПИК те осылай әрекет етті. АЖЖ мамандары жертөлені зерттеп, себепті бірден анықтады – іргеқабаттағы құбырларды жалпы үйлік жылыту желісіне қате қосқан. Үйішілік жылыту және сытық сумен қамту желілері тұрғындардың ортақ меншігі болып табылады және барлық техникалық мәселелерді тұрғындар өздері немесе ПИК көмегімен шешуі керек. Ал АЖЖ міндеттемелеріне сыртқы жылыту желілеріне қызмет ету және олар арқылы жылу энергиясын қолданыс жауапкершілігі шекарасына дейін жеткізу кіреді. Мұндай шекараларға тұрғын үйлер қасына орантылған жылу камераларындағы ысырма тиектер жатады. Жекеленген пәтерлер мен бөлмелерде жылу мен ыстық судың болмауы себептерін анықтау жылу желілері қызметкерлерінің құзіретіне жатпайды. Бұл - ПИК-тердің тікелей міндеттемесі.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ