АМУ-дің «Жайық» спорт кешенінде Қазақ хандығының 550 жылдығына және полиграфия саласының ардагері Мырзатай Тоғаевты еске алуға арналған әскери самбодан халықаралық турнир өтті.
6 қаңтарда облыстық спорттық және әскери самбо федерациясы кеңесі отырысында кәсіпкер Арман ТОҒАЕВ төраға болып сайланды. Оның әкесін еске алуға арналған турнир кең көлемде өтті. Ашылу салтанатында аренаға арғымақ мінген салт атты Қазақстан туын желбірете шығып, бірнеше рет айналды. Жарысқа қатысушыларға арнайы келген олимпиада чемпионы Ермахан ИБРАИМОВ сәттілік тіледі. Үзіліс кезінде би және вокал ұжымдары өнер көрсетіп, жанкүйерлердің көңілін көтерді.
Аренада алдын-ала айқастар жүріп жатқанда конференц-залда брифинг өтті. Самбо федерациясының атқарушы директоры Антар САБИЕВ турнир ұйымдастырушыларына алғыс айтып, бұл жыл сайын өтетін дәстүрлі жарысқа айналатын шығар деген үміт білдірді. Облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Нұржан ЕРМҰХАНОВ БАҚ өкілдеріне жақын арада Атырау қаласында өтетін ірі жарыстар туралы айтты: 26 ақпан – дзюдодан жастар арасында ҚР чемпионаты («Атырау» ДСК); 1 наурыз – Қазақстан халықтары Ассамблеясының 20 жылдығына орай бұқаралық жүгіру (сағат 11-де «Салтанат» сарайынан басталып, Исатай-Махамбет алаңында аяқталады); 26 наурыз – кикбоксингтен Қазақстан және Ресей құрамалары арасында матчтық кездесу («Атырау» ДСК); 28-29 наурыз – мемлекеттік қызметшілер арасында волейболдан турнир.
Содан кейін Н. Ермұханов, А. Тоғаев және облыстық жекпе-жек қауымдастығының төрағасы Арман ШІЛМАНОВ (суретте) дзюдо, таэквондо және самбоны дамытудағы әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері БАҚ-қа Қауымдастықтың демеушісі «ЕмбіМұнайГаз» АҚ екенін хабарлады.
Меморандумның қажеттілігі туралы Н. Ермұханов түсіндіріп кетті:
- Облыста 12 БЖСМ және 6 спорт клубы бар. Облспорт үш жас ерекшелігіндегі талантты спортшыларды ҚР, Азия, әлем чемпионаттарына жіберіп отырады. Алайда, 2015 жыл – олимпиада алдындағы жыл, біз спортшылардан бар көмегімізді аямауымыз керек, оқу-жаттығу жиындарына және ірі халықаралық жарыстарға бару жолдарын қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл істе үлкен қамқорлық керек және облыстық Жекпе-жек қауымдастығы бізге көмектеседі деп ойлаймыз.
Ал, енді Мырзабай Тоғаевты еске алу турниріне оралайық. Ұйымдастырушылар ақшалай жүлде тігіпті: 1-орын – 1000 доллар, 2-орын – 500, 3-орын – 250.
Алғашқы күні 4 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынды. 54 келіге дейінгі салмақта «қола» үшін болған айқаста астаналық Арман Әшімов жерлесіміз Есбол Араловты жағынан ұрып, есінен тандырды. 68 келіге дейінгі салмақта атыраулық Ерман Майлашев Ресей құрамасының өкілі Ибрай Татиевті тұншықтыру әдісімен берілуге мәжбүр етті. 74 келіге дейінгі салмақта дағыстандық Шамиль Газиев атыраулық Думан Мүтішті техникалық нокаутпен жеңді.
Бұл күні атыраулықтар арасынан финалға тек әлем чемпионы, Әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы Рүстамбек Жереншиев қана шықты. Қарсыласы да осал емес еді - Әлем кубогының жеңімпазы, Батыс Қазақстан облысынан келген Темірлан Нысанғалиев. ҚР құрамасында бірге өнер көрсететін достар бір-бірін жарақаттамауға тырысқан шығар, бірде-бір соққы жасамай, тек алып ұрудың амалдарын жасады. Төрешілер алқасының төрағасы Қайрат Досқалиев айқасты бірнеше рет тоқтатты, сылбыр жүрістері үшін екеуіне де айып ұпайларын берді. Соңында жеңісті оралдыққа берді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ