12 жасар Жәнібек Мүбинов 2002 ж.т. және одан кіші балалар арасында жүзуден ҚР біріншілігінің жеңімпазы атанды.
Жас чемпионды Атырау қаласы әуежайынан салтанатты түрде қарсы алды. Жәнібектің жаттықтырушысы, бұрын байдаркада есуден ел чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері болған Иван ГАЛКИН былай дейді: «Үш жыл бұрын біз ел біріншілігіне қатыстық, ол да осы Петропавлда болған, алайда жүлделі орындарға жете алмадық. Сол кезде жергілікті ТД-ға берген сұхбатымда жақында алтынмен келетінімізді айтқан едім. Осылай болды. Жәнібек 50 метрлік қашықтықты еркін стильде 27,4 секундта жүзіп өтті. Мұндай нәтижені соңғы үш жылда Қазақстанда осы жастағы балалар көрсетпеген еді.
Тағы бір жүзушіміз Әділхан Жауыр чемпионатта өз рекордын жаңартты, алайда бұл нәтиже жүлделі орындарға жетпей қалды. 4х50 метр эстафетада командамызға (Ж. Мүбинов, А. Жауыр, Ермұрат Нұрланов, Әлішер Таубаев) «қола медальға» қол жеткізуге 0,1 секунд жетпей қалды. Қыздар командасы (Томирис Оспанова, Виолетта Шильман, Эмма Зайнуллина, Алтынай Мукышева, Венера Джангирова) да жеке және командалық есепте жақсы өнер көрсетті. Медальдар ала алмағанмен, өздерінің жеке нәтижелерін жақсартты. Команданы Дамир Есенқұлов жаттықтырады».
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ