Атырау, 21 желтоқсан 15:32
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Ерікқали Қойшекенов: «Биыл жарысқа толы жыл болмақ»

2 444 просмотра

Шотокан – каратенің ең қатал стильдерінің бірі. Оның басты қағидаттарының бірі «иккэн-хисацу» - «бір соққымен жайрату» екені кездейсоқ емес. Бүгін біз облыстық карате-до шотокан федерациясының президенті, «Жолбарыс» спорт клубының президент Ерікқали ҚОЙШЕКЕНОВПЕН (суретте) сұхбаттастық.

- Өткен 2014 жыл сіздер үшін қалай болды?

- Жыл барлық стиль бойынша спорттық каратеден (WKC нұсқасы) ҚР чемпионатына дайындықтан басталды. Чемпионат ақпан айында Таразда өтті. Біздің спортшыларымыз ішінен Бекзат Сайнов, Әли Хайролла, Марал Қосаева, Ақжан Қапанова, Ринат Жарылғасынов, Нұрсұлтан Шабаев және Всеволод Алферов чемпион атанды.

Жарыстан келген команда арқаны кеңге салмай, Мәскеу түбіндегі Зеленоградта наурызда өткен 4-інші Ашық Бүкілресейлік карате ойындарына дайындық аясында оқу-жаттығу жиынын өткізді. Жарысқа барлық жастағы және нұсқадағы, яғни, KWF, WSKF, IJKA, WKC, JKS нұсқалары спортшылары қатысты. Біздің спортшыларымыз бұл жарысқа жыл сайын қатысады және қашан да олжалы оралады. Бұл жолы М. Қосаева, Р. Жарылғасынов, Манас Темірханов және Аманғали Өтебалиев чемпион атанды.

Наурыз айында біз тағы бір турнир – «Алматы Опен» спорттық барлық стильдегі (WKC нұсқасы) карате турниріне бардық. Жарыстар «Шобу иппон» (2 ұпайға дейін айқас) және «шобу санбон» (6 ұпайға дейін айқас) бағдарламалары бойынша өтті. Мұнда Сайнов, Хайролла, Татьяна Серебрякова, Мұхамедәли Түгелбаев, Қосаева, Жарылғасынов, Темірханов және Өтебалиев жеңімпаз атанды.

Мамыр айында «Жолбарыс» спортклубының Жеңіс күніне арналған карате-до шотокан дәстүрлі чемпионаты өтті. Осыдан кейін біз Бакуде болған каратеден (WSKU нұсқасы) «Каспий Кубогы» халықаралық турниріне қатыстық. Бұл жерде ҚР құрамасы қоржынына «алтынды» облыстық карате-до шотокан федерациясының шәкірттері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Венера Тұрғанова мен Жібек Мұхамбетқалиева салды.

Жазда «Жолбарыс» Алматыдағы тау етегінде орналасқан спорт лагерінде балалардың демалысын ұйымдастырып, оқу-жаттығу жиынын өткізді. Федерацияның жаттықтырушылары мен төрешілері жазғы жаттығу жиындарын түріктің Алания курортында өткізді.

"АЖ" АНЫҚТАМАСЫ

Қойшекенов Ерікқали Саинұлы,
52 жаста, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 5-дан қара белдік иегері, Халықаралық карате-до шотокан федерациясы Қазақстандағы өкілдігінің аға жаттықтырушысы, бапкерлік өтілі - 25 жыл.

«Жолбарыстықтар» жылды Ақмола облысының спорттық каратеден (WKC нұсқасы) ашық чемпионатына қатысумен аяқтады. Саинов, Аңсаған Жұмабаева, Қапанова және Серебрякова чемпион болды. Жаттықтырушылар ұжымы мен спортшылар облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасына, федерацияның ата-аналар комитетіне қолдау білдіргендері үшін алғыс айтады.

- Жоспарларыңыз қандай?

- Бұл жыл да біз үшін жарысқа толы болайын деп тұр. Федерацияның күнтізбелік жоспарында келесідей турнирлер бар: наурызда – 5-Бүкілресейлік карате ойындары, сәуірде Көкшетауда ҚР чемпионаты, мамырда – Тбилисиде шотакан карате-до бойынша (WSKU нұсқасы) әлем чемпионаты, мамыр-маусым – Шымкентте ҚР Кубогы, Стамбулда каратеден (IJKA нұсқасы) әлем чемпионаты, Жеңіс күніне арналған дәстүрлі облыстық чемпионат, тамызда – Токиода өтетін WSKF ұйымының 25 жылдығына арналған әлем чемпионаты, қыркүйекте  – каратеден (KWF нұсқасы) Әлем кубогы, қарашада – Мәскеуде «Russia Open» турнирі, қарашада – Тараздың Мәрмәр Кубогы, желтоқсанда – Тегеранда өтетін каратеден (WSKF нұсқасы) халықаралық семинар және турнир.

Сурет «Жолбарыс» спорт клубынан алынды

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

19 ақпан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.