Ыстық тамақсыз қалдырған
Жылыой аудандық прокуратурасы тексеру барысында аудандағы 20 мектепте 7 557 оқушының жыл басынан бері ыстық тамақпен қамтамасыз етілмегенін анықтады.
Осылайша 6 793 бастауыш сынып оқушысының және аз қамтылған отбасылардың 764 баласының құқықтары бұзылған. Жылыой ауданы прокурорының аға көмекшісі Арман АЙТҚАЛИЕВТЫҢ айтуынша,заң бұзушылықты дереу жою және алдағы уақытта болдырмау үшін прокурорлық ықпал ету актісі қабылданған.
***
Көлік те, ақша да жоқ
Доссор поселкесінің 23 жастағы тұрғыны телефон алаяғының құрбанына айналды.
Оған ақпан айында белгісіз біреу ұялы телефон арқылы «Шевроле Нива» автокөлігін ұтып алғанын хабарлайды. Сонымен бірге көліктің құжаттарын рәсімдеу үшін 30 мың теңгені терминал арқылы салып жіберу қажеттігін айтады. Тезірек көлік мінгісі келген доссорлық айтқан соманы ұзатпай салып жіберген. Содан кейін белгісіз алаяқ ұялы телефонын сөндіріп тастапты.
- Жәбірленуші полицияға шағым түсіріп, ҚР ҚК 190-бабы 1-тармағымен («Алаяқтық, яғни, бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену») қылмыстық іс көтерілді, - дейді Мақат ауданы прокурорының орынбасары Досбол БАҒЫТЖАНОВ. -Телефон алаяқтығы фактілері өткен жылы да тіркелген болатын. Жәбірленушіден әскердегі бауыры мен полиция арасында жанжал болғанын хабарлап, істі жабу үшін ақша сұратқан. Тағы бір адамнан оқудағы баласының төбелесіп, полицияға түсіп қалғанын айтып, оны арашалау үшін ақша талап еткен. Ол ақша жібермей тұрып бірден полицияға жүгінгенінің арқасында алданып қалудан аман қалды. Өткен жылғы қылмыстар бойынша іс көтерілгенімен, алаяқтарды анықтау мүмкін болмады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА