Айман ЕСЕН (суретте) - Махамбет ауданы Таңдай ауылында кәсіпкерлікті қолға алған жандардың бірі.
Ауылдың шет жағындағы жаңадан салынған үйде тұратын 38 жастағы Айман бізді жылы шыраймен қарсы алды. Алтыншы баласын дүниеге әкелген Айманның перзентханадан шыққанына екі-үш күн болыпты.
- Тапсырыстарды уақытында орындау керек, жаңа босанғаныма қарамастан жұмысқа шыққаным содан, - дейді Айман.
Жас отбасы Таңдай ауылына тоғыз жыл бұрын қоныс аударған. Айман бала кезінен үйренген тігіншілікті түпкілікті қолына алады. Төрт жыл бұрын кәсіпкерлікті қолдау қорынан 1 млн теңге несие алып, іс машинасы мен маталар сатып алып, өзінің шағын тігін бөлмесін ашады. Бастапқыда киімдерді ықшамдаумен айналысып, кейін көйлектер тігуге тапсырыс ала бастайды. Ал, кейін көрпе-төсек, мектеп формасы, балабақшаға баратын балалар үшін түрлі костюмдер тігуге көшеді. Қазір оны ауылдастары ғана емес, Махамбет ауданы орталығынан, тіпті, Атыраудан да тапсырыс берушілер іздеп келеді.
Айманның үлкен ұлы бауырларына қарап, анасына қолғабыс етеді.
- Өз басым адамдар талмай еңбек етсе, күнкөрісті дұрыстауға болады деп есептеймін. Балаларымды да ертең өздері күн көре алулары үшін қазірден еңбекке баулудамын, - дейді Айман.
Айман болашақта кәсібін кеңейтуді ойлайды. Ол тігін цехын ашып, ауылдастарын жұмыспен қамтуды көздеп отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА