Индербор кентіндегі М. Әуезов атындағы орта мектептің 4-ші сынып оқушысы Данабек ҒАББАС (суретте) республикалық «Зерде» ғылыми байқауында жүлделі үшінші орынды жеңіп алды.
Данабек өзінің зерттеу жұмысының тақырыбын Кеңес Одағының Батыры, Индер ауданының тумасы Боран НЫСАНБАЕВ пен екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан «Даңқ» орденінің иегерлері, аталары Асан СҰЛТАНҒАЛИЕВ пен Шамкен МҰХТАРОВҚА арнаған екен.
Оқ жаудырған дұшпан дзотынан бораған оқты кеудесімен жауып, мерт болған батыр Боран Нысанбаев соғысқа дейін шопан болып еңбек еткен. Ол жастайынан жыр-қиссаны жаттап өсіп, спортқа деген құштарлығы бөлек болған. 1942 жылы майданға аттанған Боран әскери дайындықтан кейін минометші болып ұрысқа кіреді.1943 жылы 6 ақпанда Орел облысы Покров ауданы Лески деревнясын жаудан тазарту қиян-кескі ұрысқа айналады. Деревнядағы тас үйге бекініп алған жау алты бірдей пулеметтен оқ жаудырып, беттетпейді. Кеңес әскері екі рет шабуылға шыққанымен, бораған оқтан жылжу мүмкін болмай қалады.
- Сонда қазақтың намысты ұлы Боран батыр командирінен рұқсат алып, оншақты гранатаны беліне байлап, жер бауырлай жөнеледі, - дейді Данабек. - Гранатаны бірінен соң бірін лақтырып, ақырында бораған оқты елемей, бекініске өзі түседі. Бірнеше фашисті жер жастандырған батыр қаза тапқанымен, қаруластарына жол ашып береді. Бүгінде батыр атында мектеп, мұражай бар. Мен мұражайдан батыр бейнесін көріп, қазақтың намысты ұлы боламын деп шештім.
Ержүрек аталарының өмірін зерттеп, ерліктеріне қанық болған Данабек сондай батыр аталардың ұрпағы болғанын мақтан тұтады. Оған жобаны дайындауға ғылыми жетекшісі Р. ДӘУЛЕТОВА мен сынып жетекшісі Қ. ТАЙБАЛИЕВА көмектесті.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА