Атырау, 28 қараша 05:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Бригада үйге барады

2 088 просмотра

 

Атырауда «Болашақ К» қоғамдық қоры емханасының базасында «Өмірге оралу» жобасын жүзеге асыру жалғасуда.

Өткен жылдың қазан айында «ЭксонМобил» компаниясының қаржылық қолдауымен іске қосылған ол қалада ерте оңалту құрылымын ұйымдастыруға бағытталды. «Болашақ К» ҚҚ жетекшісі Жібек БИСЕНОВАНЫҢ айтуынша, инсульт немесе едәуір зақым алған адамның қалыпты өмір салтына қаншалықты тез оралуы оңалту шараларының қаншалықты жедел және сауатты жүргізілуіне байланысты болады.

Бүгінде Атырау облысында мүгедектік бойынша 18 325 адам есепте тұр, оның 2 580-і балалар. Облыс орталығында 6 477 мүгедек тұрады, оның 1 035-і – балалар. Бүкіл облысқа бір ересек және бір балалар оңалту орталығы жұмыс істейді, бұл - аз. Оның үстіне ауруханадан шыққан пациент дәрігерлік-еңбек сараптама комиссиясының оң қорытындысынан және мүгедектік алғаннан кейін ғана оңалту орталығының қызметін пайдалана алады. Бұған бір-екі күн емес, бірнеше ай уақыт кетеді. Ал, кейбір сырқаттар ерте, кейінге қалдырылмайтын оңалту шараларын қажет етеді.

«Өмірге оралу» жобасының шеңберінде Атырауда жыл аяғына дейін мамандандырылған оңалту бригадаларын құру жоспарланып отыр. Оған дәрігер-үйлестіруші (бұл пациенттің диагнозына қарай дәрігер-реабилитолог, невропатолог, кардиолог, травмотолог), психолог, эрготерапевт (пациентті жоғалтып алған өздігінен қызмет көрсету машықтарына үйретеді), кинезотерапевт (емдік дене шынықтыру) және медбике кіреді.

- Өйткені, төсекке таңылған адамның туыстары көбінесе не істерлерін білмей, шарасыз болады. Сондықтан мұндай бригадалар пациенттің тікелей үйіне барып, барлық қажетті оңалту шараларын жасап, оны науқастың туыстарына және оның өзіне үйретеді, - дейді Ж. Бисенова. – Мамандар науқастарға дұрыс күтім жасауға, оның кәдімгі өмір сүру салтына оралуына үлкен назар аударады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жетістіктің 90 пайызы осы науқастарға жақсы күтім жасау және оның сауығуға ықыласына байланысты.

Жергілікті мамандарды оқыту үшін Атырауға «Болашақ К» қорының шақыртуымен Германиядан тәжірибелі реабилитолог Аннет ХАЙНЦ келді. Ол ишемиялық, геморрагиялық инсульт нәтижесінде орталық жүйке жүйесі зақымдалған, жұлынның травматикалық сырқаты бар пациенттерді қалпына келтіріп емдеу негіздерін үйретті. Аннеттің курсынан орта медицина қызметкерлері, «Болашақ К» ҚҚ қызметкерлері, облыстық балалар ауруханасының мамандары, сонымен қатар оңалтуды қажет ететін пациенттердің туыстары өтті.

- 20 адам оқып шықты, қазір тағы бір топ үйренуде. Курстан өткендердің бірі өз туыстарына көмектессе, бірнеше адам тіпті сырқаттан кейін оңалтуды қажет ететін адамдарға күтуші болып жұмысқа орналасқан, - деп әңгімелейді Ж. Бисенова. - Әзірге мамандандырылған бригадалар құру жөнінде айтуға ертерек, мамандарды оқытуды жалғастыру керек. Бірақ ілгері басушылық бар. Бізге денсаулық сақтау басқармасы, облыстық аурухана және облыстық онкологиялық диспансер басшылықтары қолдау көрсетті, біз олармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық.

Тамара СУХОМЛИНОВА

19 ақпан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.