Атырау, 28 қараша 05:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Құтқару операциясы

2 780 просмотра

Атырауда алғаш рет қолқаға күрделі операция жасалды.

35 жастағы пациент өзінің туа біткен жүрек талмасымен ауыратынын білмей келген.  Оның үш жармалы қолқа қақпақшасының орнында екі жармалы қолқа қақпақшасы болған.

– Қалыпты жағдайда қолқа қақпақшасында үш жарма болады. Ол жүрек циклінің белгілі бір фазасында ашылып-жабылып, қан қозғалысын қамтамасыз етеді, - дейді Атырау кардиология орталығының кардиохирург дәрігері Мирам НҰҒМАНОВ. – Бірақ кейде ана құрсағында жатқанда «әлдене дұрыс емес» болып, нәтижесінде үш жармалы емес, екі жармалы қақпақша түзіледі. Осындай өрескел ауытқушылыққа қарамастан ағза ондаған жылдар бойына өз қызметін атқара алады. Оның иесі аса бір қиындықтарды сезінбейді. Дегенмен де, түрлі себептерге байланысты, соның ішінде механика заңдылығына қарай, үшеуге қарағанда екі қақпақшаға күш көп түседі. Ол асқынуларға әкеп соғуы мүмкін.

Бұл жағдайда ер адам көкірек бөлігінің күйдіретінін сезінген, демігу пайда болған. Ол қаладағы жеке кардиологиялық емханалардың біріне барып, содан кейін шұғыл арада кардиология орталығына жіберілген.

– …Бұл жерде оған «қолқаның өрлемелі бөлігінің аневризмасы» деген диагноз қойылды, - дейді дәрігер.– Қолқадағы ақау салдары осы. Адам ағзасындағы ең үлкен тамыр кеңейе бастаған. Егер пациент дәрігерге баруды кешіктірсе, оның өліп кетуі мүмкін еді. Мұны анықтау үшін жүректі ультрадыбыстық зерттеуден өткізу керек.

Ел өңірлерінде жаңа түрдегі операция жасау керек болған кездегі, әдеттегідей, біздің дәрігерлерімізге шұғыл арада Астанадан маман жеткен. Ұлттық кардиохирургиялық орталықтың бөлім жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты, бірінші санатты кардиохирург Ермағамбет ҚУАТПАЕВ үшін мұндай операция таңсық емес.

– Дегенмен, бұл өте сирек кездеседі, - дейді Е.Қуатпаев. - Әдетте, қолқа аневризмасын анықтау – кездейсоқтық, өйткені, адам қандай да болмасын қолайсыздықты сезінбейді. Ал, сырқат белгілері пайда бола бастағанда, бұл жағдайдың ауырлағанын білдіреді. Қолда бар статистикаға сәйкес, өмірінің әлдебір кезеңінің нәтижесінде жүрегіндегі жайсыздықты сезінген қолқа аневризмасы бар пациенттердің 100 пайызының 50 пайызы ғана жедел жәрдем келгенше тірі қалады, тек 25 пайызы ғана ота жасалғанға дейін өмір сүреді. Мұндай ота ең күрделі деп есептеледі және тиісінше, ең күрделі санатпен бағаланады. 

Ота сәтті өтті: науқасқа құны 800 мың теңге тұратын протез (пациенттің ақшасына сатып алынбаған) салынды, сондай-ақ, жүрегіне ілеспелі бірнеше ота жасалды. Енді бұл адамға ғұмыр бойына қанын сұйылтуға арналған препараттарды қабылдау қажет болады. Бірақ бұл... әлдеқайда жақсы.

…Дәрігерлер маған дәрі-дәрмек ұйқысынан оянған пациент жатқан жансақтау бөліміне олармен бірге баруға рұқсат берді.

- Қалайсыз? – деп сұрады дәрігер.

Ер адам көзін әрең ашып, содан соң оң жақ қолының алақанын зорға қысып, бас бармағын жоғары көтерді.

- Өмір сүретін болады.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген автор

19 ақпан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.