Виктор АБАКУМОВ
№2 Атырау қалалық сотында облыстық ІІД тергеу басқармасының үш қызметкерінің атыраулық кәсіпкер Виктор АБАКУМОВКЕ қатысты жазған талап-арыздары бойынша істі қарау аяқталды. Судья Гүлнұр ДАУЛЕШОВА Абакумовты айыптау бойынша істі «алдын ала тергеу жүргізу туралы мәселені шешу үшін» Атырау қаласы прокурорына тапсыруға қаулы шығарды.
ҚАНДАЙ ҚҰПИЯСЫ БАР?
Естеріңізге салсақ, талапкерлер Абакумовты ҚР ҚК-нің 130-бабы 3-тармағы («Тұлғаға сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деп жала жабу») бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрайды. Олар Абакумовтың ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасына, Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет агенттігіне, «Нұр Отан» партиясы мен ҚР ІІМ-ге жазған арыздарында өздерінің абыройлары мен іскерлік беделдеріне нұқсан келтірілді деп есептейді. Ал, бұл хаттарында Абакумов тергеушілерді өзін ірі сомаға алдап кеткен адамға қатысты алаяқтық туралы істі адал, риясыз атқарған жоқ деп кінәлайды.
Процесс жабық түрде өтті. Судья ҚР ҚІЖК-нің 16-бабына («Жеке өмiрге қол сұқпаушылық. Хат жазысудың,телефон арқылы сөйлесудiң, пошта, телеграф жәнеөзге де хабарлардың құпиясы») сілтеме жасап, жеке айыптаушылардың өтініштерін орындады. Алайда, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының сарапшысы Ганна КРАСИЛЬНИКОВАНЫҢ пікірінше, сот залына БАҚ өкілдерін кіргізуге салынған осы тыйым ҚІЖК-нің 29-бабына қайшы. Ол бапта «Сот талқылауының
жариялылығыншектеуге ол мемлекеттiк құпияны қорғау мүдделерiне қайшы келгенде ғана жол берiледi. Сонымен бiрге iске қатысушы адамдардың жеке өмiрiне қатысты мәлiметтердi жариялауды болдырмау мақсатында, сондай-ақ, оны жәбiрленушiнiң, куәнiң немесе басқа да iске қатысушы адамдардың, сондай-ақ, олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстарының қауiпсiздiк мүдделерi талап ететiн жағдайларда кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша, жыныстық қылмыстар туралы iстер және басқа да iстер бойынша соттың дәлелдi қаулысымен жабық сот талқылауына жол берiледi».
«ШАҒЫМДАНАТЫН БОЛАМЫЗ»
Бақберген АЙТМАМБЕТОВАбакумов сот шешімімен келіспейді және оған шағымданбақ. Оның адвокаты Бақберген АЙТМАМБЕТОВТЫҢ айтуынша, олар өз бетінше шешім шығармай, қорғауындағы адамның тағдырын тағы да полиция қызметкерлерінің қолына тапсырған судьяның шешіміне қатты таңғалып отыр.
- ҚР Жоғарғы сотының 18.12.1999 күнгі №6 «Жеке және заңды тұлғалардың абыройы, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы заңнамаларды сот тәжірибесінде қолдану туралы» нормативтік қаулысына сәйкес, жұмыстағы кемшіліктерді, іс-әрекеттерді асыра пайдалану және заңға қайшы әрекеттерді сынайтын шынайы мәліметтерді жоққа шығару туралы талаптар негізделген әрекеттер болып таныла алмайды. Ал біз ұсынған материалдар бойынша Абакумовтың мемлекеттік органдарға бірнеше рет жүгінгеніне және полиция қызметкерлерінің тарапынан көптеген заң бұзушылықтар жіберілгендігін анықтағанына қарамастан, істегі кемшіліктер бәрібір жойылмады. Керісінше, арызданушылар М.Е.-ні (Абакумов алаяқтықпен айыптап отырған, дәлірек айтсақ, «Теңізшевройл» ЖШС арасында күкірт жеткізу бойынша «делдал» боламын деген адам – Л.С.) жауапкершіліктен құтқару үшін түрлі шаралар қолданып жатыр. ІІД тергеушілері өз талап-арыздарында М.Е.-ге қатысты істі адал тергегендігін дәлелдейтін еш айғақ ұсынбады, ал оның орнына менің қорғауымдағы адамға қысым көрсету үшін және өздері жіберген заңбұзушылықтарды жасыру үшін 130-бапты қолданып отыр.
ШЫР АЙНАЛҒАН ІС
В. АбакумовтыңАтырау облысы ІІД бастығы Арман ЖАЛМҰХАМБЕТОВКЕ жазған хатынан үзінді: «ІІД-ге «басынан сипап» әкелінген М.Е. тергеуші алдында екі рет болғаннан кейін еш кедергісіз Алматыға ұшып кетті, хабар-ошар жоқ. Істің не болып жатқанын білгім келген әрекеттерімнен түк шықпады, тек прокуратурада кездейсоқ маған бас тарту материалы келгенін айтқанда ғана бір білдім. Осы уақыттың ішінде мені тергеуші Есенаманов «іс менің қарауымда жатыр» деп алдаумен болды. Шағым арызда көрсеткен адамдарымның ешбірі жауап алуға шақырылмады. Мен Есенамановқа прокуратурада бас тарту материалы жатқанын білгенімді айтқанымда, ол мұны мойындады, алайда небір күлкілі себептер айтып, маған істің тоқтатылуы туралы қаулыны ұзақ уақыт бермеді. Іс ІІД-ге қайтарылды, алайда прокуратураның тергеушіні ауыстыру жөніндегі талабына қарамастан, Есенамановқа тағы берілді. 20 күннен кейін куәгерлердің ешбірін шақырмастан, прокуратураға істі бас тарту материалы ретінде тағы жіберді. Менің адвокатым прокуратураға тағы шағым жазып, 20.10.14 күні іс қала прокурорының ұсыныстарымен және қолымен тағы да ІІД-ге қайтарылып, 31.10.14 күні істі тергеу бөлімінің бастығы Руслан Меңдалеев қабылдап, прокуратураның барлық талаптары орындалып, шындыққа қол жеткіземіз деп уәде берді. Алайда 4 күннен кейін (2 күні демалыс болатын) 4.11.14 күні ол да істі бас тартылған материал ретінде прокуратураға жіберді. Істі неге қарамадыңдар деген сауалыма Меңдалеев басшылықтың тапсырмасын орындадым деп айтты. Неге сеніп жасап отырсыздар деп сұрағанымда Меңдалеев «Бір күні жазуға жалығасыз ғой» деп жауап берді».
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА