Республикалық тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысушылар одағының төрағасы Мұрат МҰХАМЕДЖАНОВ
«Нұр Отан» партиясының қалалық филиалындағы дөңгелек үстелде тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысушылардың мәртебесі проблемасы талқыланды.
Кездесуге Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен «ауғандық» сарбаздар қатысты. Республикалық тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысушылар одағының төрағасы Мұрат МҰХАМЕДЖАНОВТЫҢ айтуынша, 1992 жылдан 2001 жылға дейінгі аралықта осы «ұрыс нүктесінде» 8 755 қазақстандық әскерилер борыштарын өтеген:
– 1992 жылдан бастап біздің сарбаздар тәжік-ауған аумағында ТМД-ның сыртқы шекарасын күзетті. Ресей мен ТМД-ның басқа елдерінен келген қарулас бауырларымызбен иықтаса жүріп, Ауғанстаннан кіруге тырысқан есірткі керуендері мен бандалар тобының жолына тұрдық, қарулы қақтығыстардың Орталық Азияда өршуіне жол бермедік. Әскери қызметтен өту кезінде қазақстандық 56 әскери қызметкер қаза болған.
Қазақстанда бүгінде Одақтың 14 филиалы жұмыс істейді. Алғашқысы сол оқиғаға 250 қатысушы тұратын Атырау облысында ашылған.
– 9 мамырға Жеңіс саябағынан Ұлы Отан соғысында қаза болған Атырау облысының тұрғындарының есімдері жазылған монумент қабырға, сонымен қатар «ауғандық» сарбаздар мен тәжік-ауған шекарасындағы әскери іс-қимылдарға қатысушыларға арналған ескерткіштерді ашу жоспарланып отыр, - деп атап өтті М.Мұхамеджанов.
Оның айтуынша, қазір 2016-2018 жылға республикалық бюджеттік өтінім әзірленуде. Соған сәйкес, «тәжік» ардагерлеріне 5,8 АЕК мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы төлей бастайды.
Әзірге, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР заңына сәйкес, Ауғанстанда, тәжік-ауған шекарасында және Иракта борышын өтегендерге әскери іс-қимылдарға, антитеррорлық және бітімгерлік операцияларға қатысушылар ретінде қосымша екі апта демалыс беріледі.
М.Мұхамеджанов Одақтың жастарды патриоттық тәрбиелеуге өз тарапынан үлес қосатынын айтты. Ақтауда 25/744 әскери бөлімшесінің базасында 13-17 жастағы балалар үйінің жасөспірімдеріне арналған жазғы спорттық-сауықтыру лагері ұйымдастырылды. Олар әскери істің қыр-сырымен танысты, қаруды қолдану машықтарын үйренді. Осыдан кейін олардың көпшілігі әскери болуды ұйғарды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ