«Теңізшевройл» ЖШС және Солтүстік Каспий жобасының операторыNCOCмұнай бағасының төмендеуіне байланысты өз қызметкерлерінің әлеуметтік пакеттерін қысқартпайды.
ТШО баспасөз қызметі біздің редакциялық сұранысымызға жауап ретінде компания өз қызметкерлерінің жалақы қорын және оқыту мен дамыту шығындарын қысқартуды жоспарлап отырған жоқ деп хабарлады. «Сонымен қатар әлеуметтік инвестициялар және әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламаларын жүзеге асыру да жалғасады. ТШО әріптестерінің инвестициялары өсіп, алға қарай ҚР экономикасына пайда әкелуге арналған шығындарды тиімді қадағалауды жүзеге асыра береді». Мұнай бағасының төмендеуіне байланысты Болашақ кеңейту жобасы тиімділігі жөніндегі біздің сұрағымызға баспасөз қызметі былай жауап берді: «Компания мұнай бағасын ұзақ мерзімді болашақпен қарастырады, өйткені біздің инвестицияларымыз ондаған жылдарға есептелген».
Естеріңізге салсақ, бұдан бұрын БКЖ бюджеті $40 млрд-ты құрайды деп хабарланған еді. Алайда жақында Атырауға келген сапарында энергетика министрі Владимир ШКОЛЬНИК жоба «оңтайландырылады» деген еді. Ал 11 ақпандағы үкіметтің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Теңіз» кен орнын дамытуға $38 млрд қаржы бөлініп, 20 мың жұмыс орны ашылады деп мәлімдеді.
«АЖ» сұрағына жауап берген NCOC-дің мүдделі тараптармен байланыс жөніндегі бас менеджерінің м.а. Жағыпар ЕГІЗБАЕВ мұнай бағасының ағымдағы тұрақсыздығы консорциум қызметкерлерінің әлеуметтік пакеттеріне әсер етпейді деп хабарлады. «Сондай-ақ, консорциум Өнімді бөлу туралы келісім (ӨБК) бойынша өзіне алған міндеттемелеріне сәйкес әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды (ӘИЖ) және демеушілік пен қайырымдылық бағдарламаларын (ДҚБ) жүзеге асыруды жалғастырады».
Атырауда 6 ақпанда өткен форум барысында NCOC-дің басқарушы директоры Стефан де МАЙЕ мен «PSA» ЖШС бас директоры Кенжебек ИБРАШЕВ (суретте) 2015-2019 жж. кезеңінде Атырау облысында әлеуметтік мәндегі жобалар және инфрақұрылымды жүзеге асыруға консорциум жылына $25 млн-нан $125 млн бөлуі туралы меморандумға қол қойды.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген автор