Үстіміздегі жылдың қарашасында «Арнаулы автобаза» 200 қарапайым және 175 трапеция түріндегі қоқыс контейнерлерін алған еді.
Арнаулы автобаза директоры Дулат ТҰРҒАМБАЕВТЫҢайтуынша, қоқысқа арналған ыдыстар қаладағы кәсіпорындардың бірінде қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тапсырысы бойынша, ал трапеция түріндегі контейнерлер өзінің сызбасы бойынша дайындалған екен.
Контейнерлердің айрықша пішіні жеке секторға арналғандығымен ерекшеленеді. Жоғарғы екі есігі қоқыс тастауға, төменгі бір есігі тиеуге арналған. Трапеция қоқыстың жоғарғы бөлігіне жиналып қалмай, төменге түсуі үшін қолайлы, ол жерден аула тазалаушылар оны қолдарымен жүк тиегішке тиейтін болады.
- Бұл жеке сектордағы қаңғыбас иттердің көбеюіне байланысты,- дейді Д.ТҰРҒАМБАЕВ. – Қарапайым контейнерлерге иттер оңай қарғып, қоқыстарды айналасына шашып тастайды. Трапеция пішінді қоқыс салғышты шаша алмайды. Жеке сектордағы қоқыс салғыштарды арнаулы автобаза мамандары үнемі қолдарымен тиейді. Бұл жеке сектордан қоқыстарды шығару тіркемелері бар тракторлардың және артқы жағынан тиелетін қытайлық қоқыс тасығыштардың көмегімен жүзеге асырылатындығымен байланысты.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор