Атырау, 27 желтоқсан 01:17
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Қалдықсыз бөліс

2 218 просмотра

- Біз күйеуіміз екеуміз жас отбасы ретінде мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алғанбыз (күйеуімнің атына). Біздің кәмелеттік жасқа толмаған үш баламыз бар. Күйеуім егер ажырасатын болсақ, менің пәтер үлесін ала алмайтынымды, себебі, пәтер оның атына рәсімделгенін және ол оны менің келісімімсіз-ақ сата алатынын айтады. Мен некеде жинаған мүлік екіге бөлінеді деп ойлайтынмын. Яғни, балалар менімен қалатындықтан, бізге пәтердің 4 бөлігі, ал оған 1 бөлігі тиесілі. Әлде басқаша ма? Сонымен қатар ол менің келісімімсіз пәтерді сата ала ма?

Телефон арқылы

Сұраққа адвокат Гүлсім САБЫРОВА жауап берді:

- Біріншіден, аталған баспананың құқықтық мәртебесін анықтау қажет, яғни, бұл пәтер меншік құқығы бойынша кімге тиесілі – күйеуіне ме, мемлекетке ме, әлде Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіне ме. Себебі, әйелдің қазіргі таңда бұл жылжымайтын мүлікті бөлісуге құқы бар ма, жоқ па - соған байланысты. Егер пәтер мемлекетке немесе банкке тиесілі болса, ал отбасыға пәтерде тұру құқығы ғана берілген болса, мәселен, жалға алу келісімшарты бойынша немесе банк алдындағы несиені түгел төлегенге дейін, онда пәтер бөліске түспейді.

Ал, пәтер күйеуінің атына тіркелген жағдайда онда оның қандай құқық белгілеуші құжаттар негізінде пәтерге меншік құқығына ие екенін анықтау қажет. Бұдан әйеліне тиесілі үлестің мөлшері анықталады.

Сату-сатып алу келісімшарты бойынша алынған пәтер некеде жинақталған ортақ мүлік ретінде ерлі-зайыптыларға тең дәрежеде тиесілі. Сонымен қатар, кәмелетке толмаған балалардың мүдделерін есепке ала отырып сот ерлі-зайыптылардың үлестерінің теңдігінен шегініс жасап, мүліктің жалпы құнының 50 пайыздан артығын ақшалай түрде әйеліне беруге құқылы. Дегенмен банк алдындағы қарыздарын ерлі-зайыптылар бәрібір белгілі бір заңды тәртіппен өтейді. Егер пәтер жекешелендірілген болса, яғни, жекешелендіру келісімшартымен қалдық құны бойынша сатып алынған болса (немесе ақысыз ұсынылған болса), онда ерлі-зайыптылардан бөлек олардың кәмелетке толмаған балалары да ата-аналарымен тең үлесте аталған мүліктің меншік иелері болып табылады. Яғни, пәтер тең бес бөлікке бөлінеді. Балалар ата-анасының қайсысымен тұруды шешсе, яғни, сот шешімі бойынша балалардың ата-аналарының біреуімен мекенжайы анықталатын болса, сәйкесінше оған өзінің және балаларының үлесі тиесілі болады. Егер пәтер ерлі-зайыптыларға меншік құқығы бойынша тиесілі болса, оның қалай алынғанына қарамастан (сату-сатып алу келісімшарты бойынша ма, әлде жекешелендіру келісімшарты бойынша ма) күйеуі оны әйелінің келісімінсіз сата алмайды.

12 ақпан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.