Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Өмірзақ ЗИНУЛЛИН.Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінде «дөңгелек үстел» өтті.
Департамент басшысы Өмірзақ ЗИНУЛЛИН 2014 жылы 150 шақты арыз-шағым түскенін айтады. Олардың тең жартысы бөлшек саудада құқығым бұзылды деп, көбіне-көп сапасыз тауарға және оларды сатушылар кері қабылдаудан бас тартты деп шағымданады. Бірақ, департамент бүгінде тек консультативтік көмек берумен ғана шектелуге мәжбүр, ал бұл шағымданышуылардың наразылығын туғызады.
Сотқа түскен шағымдарды айтсақ, былтыр облыстық сотқа тұтынушылар атынан 9 талап-арыз түссе, соның екеуі ғана қанағаттандырылған. Ал, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Кеңес ҚОСЫБАЕВ қоғамдық қабылдауға тұтынушылар құқықтарының бұзылуы жөнінде жүздеген арыз-шағымдардың түсетінін айтады. Ө.Зинуллин «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңына сәйкес, сатып алушы сапасыз тауарды 14 күннің ішінде кері қайтаруға немесе ауыстыруға құқы бар екенін айтып өтті. Облыстық адвокаттар алқасының төрағасы Айсұлу ОМАРОВАНЫҢ айтуынша, оларға нашар тауарға немесе сапасыз қызмет көрсетуге қатысты шағымдар түспейді екен, олар мұны жасауға да кеңес бермейді: сот шығындары мемлекеттік баж салығын қосқанда, құқығы бұзылған тұтынушы үшін жарамсыз тауар құнына қарағанда әлдеқайда қымбатқа түсері анық. Ал егер «Тұтынушылар Ұлттық лигасы» РҚБ жергілікті филиалы арқылы шағымданса, мемлекеттік баж салығын төлеуден босатылады.
Айнұр САПАРОВА