«Облыстық «Атырау Барыстары» спорттың ойын түрлері бойынша командасы» КМК базасынан Қысқы және ойын спорт түрлері академиясы ашылды және сол жерде балалар шорт-трек, хоккей, мәнерлеп сырғанаумен қатар баскетболмен детегін шұғылдана алады.Баскетбол секциясының бас жаттықтыру-шысы болып литвалық маман Жидрунас ЖВИНКЛИС (суретте) тағайындалды. Оған сөз берейік...
«БАЛАЛАРМЕН ШҰҒЫЛДАНҒАНДЫ ҰНАТАМЫН»
- Жидрунас, атыраулық жанкүйерлер сізді Қазақстан Кубогы мен ел чемпионатының қола жүлдесіне ие болған 2009-2010 жылғы маусымдағы «Атырау Барыстары» облыстық баскетбол командасының бас бапкері ретінде таниды. Сіз енді Балалар академиясының бас бапкерісіз. «Лауазымым төмендеп кетті» деп ойламайсыз ба?
- Мен балаларды жаттықтырғанды ұнатамын. Өмір бойы біресе балаларды, біресе ересектерді жаттықтырып келемін. 1995-2006 жылдары мен Сабонистің Каунастағы мектебінде жұмыс жасадым, кейіннен Южный қаласының «Химик» ересектер командасын жаттықтырып, Украина чемпионатында «қола» иелендім. Содан кейін «Химики-2» (Мәскеу облысы), «Атырау барыстары», Литва кубогы мен чемпионаттың қоласын иеленген «Пренай» командаларында жұмыс жасадым. 2005 жылы Литва құрамасының бас бапкері болып, сол жылы Еуропа чемпионатында төртінші, итальяндық Легнанода өткен жастар Олимпиадасында үшінші орын алдық. 2011-2012 жылдары Одессада Александр Белостенный атындағы балалар баскетбол мектебін ашуға қатыстым. 2012 жылы Атырауға оралып, соңғы уақыттарға дейін «Атырау Барыстары» командасында бас бапкер Эдуард Скрипецтің көмекшісі болып жұмыс жасадым.
Өткен жылдың күзінен бері Академияның бас бапкері болып тағайындалдым. Қайталап айтайын, балаларды жаттықтыру – менің сүйікті ісім.
Академияда баскетбол секциясын ашу мақсатымыз – Атырауды Қазақстан баскетболының орталығына айналдырып, атыраулық балалардың ел құрамасының сапында өнер көрсетуіне қол жеткізу. Бұл нәтижеге біз 5-6 жылда жетеміз.
- Баскетбол секциясының жұмысы қалай ұйымдастырылған?
- Академияның құрылғанынан үш ай уақыт ішінде 12 баскетбол тобына 13 жасқа дейін екі жүзден аса бала жиналды. №16, 18, 19 мектептерде, «Мұнайшы» ДСК-нде, 1-ОРМБЖСМ (Авангард) және «Байтал» бизнес орталығында топтар ашылды. Атырауда алғаш рет «Байтал» БО әйелдер баскетбол командасы құрылды. Онда әзірге 12 қыз ойнайды.
Баскетбол секциясы пирамида қағидасы бойынша жұмыс жасайды. Ең басында – «Атырау Барыстары» мен ел құрама командасы. Яғни, барлық жастағы командалар ойыншыларды тәрбиелеп, сол жаққа жіберетін болады. Біз бір-екі жылдан кейін 2002 ж.т. екі ойыншы «барыстардың», бір ойыншы Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетсе дейміз.
«ЖАРТЫ» ҰПАЙЛАР
- «Атырау Барыстары» қалай өнер көрсетуде?
- «Барыстар» биыл ҚР Жоғары лигасында жастар құрамымен өнер көрсетуде. Командада негізінен Райымбек Өтеген, Евгений Исаков, Жалғас Нұрғалиев, Айбар Қабдырашев, Қадыржан Ғұбашев, Ибрагим Қонысов, Тимур Манабаев, Олжас Мырзағалиев, Артем Парфенов, Әлішер Төлеуов, Асқар Табешев, Сергей Емельяненков сынды жергілікті ойыншылар ойнайды. Құрамда үш легионер бар – литвалықтар Матис Юсикас, Юстинас Алехнавичус пен американдық Брендон Гуд. Үш турдың қорытындысы бойынша команда бірінші орында тұр. Қазір «Барыстар» Қостанайға төртінші тур ойындарына кетті. Команда плей-оффқа шықты деп айта беруге болады. Сонымен қатар Прибалтика баскетбол лигасының (U-20) ойындары бар, ол турнирде «Барыстар» үшінші орында келеді. Біздің жігіттер латвиялық «Rietumu Liga» плей-офф ойындарына да қатысады, ол жақта олар көш бастап келеді.
-Балалар жарыстарының күнтізбесі қалай?
- Ол қазір талқылануда. Прибалтикада болатын 2002, 2004 және 2005 ж.т. балаларға арналған екі турнирге қатысу жоспарлануда. Сол жерде жазғы каникул кезінде жаттығу жиыны ұйымдастырылуы да мүмкін. Жалпы жарыстар мен жиындарға көп уақыт бөлеміз, өйткені, жақсы турнир бір айлық жаттығу жасағанмен бірдей. Біз Вильнюстегі Р. Марчюленистің және Мәскеу түбіндегі «Химики» БК мектептерімен байланыс жасамақпыз.
Біз дриблингті жаттықтыруға арналған көзілдірік алдық. Оның төменгі жағы жабық. Осылайша біз балаларға допты көрмей-ақ игеруді үйретеміз. Секіргіш, доптар, тор, сақина, қалқан, униформалар сатып алдық. Мектептердің спорт залдарының шамдарын ауыстырып жатырмыз, балалар баскетболы залына жақсы жарық беру керек.
- Беріле жаттығу жасап, болашақтан үміт күттіретін балаларды атаңызшы.
- 2002 ж.т. Алмаз Ибат пен Алмаз Айтқалиев, 2003 ж.т. Арсен Рахимов, 2004 ж.т. Дастан Қанағат, басқа да талантты балалар бар.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ