Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы 87 көпқабатты үй тозығы жеткен жағдайда тұр.
Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Сайлау КЕНЖЕҒАЛИЕВ көпқабатты үйлердің жағдайын бұдан жиырма жыл бұрынғы күйімен салыстырып, бүгінде мәселе толық шешілген деп есептейді.
- Қазір үйлердің жағдайы жақсы, салқын, ыстық су үздіксіз жүріп тұр, жылу бар. Жертөлелер де тазартылған, - дейді С. Кенжеғалиев.- Әрине, үйлердің сыртқы келбеті, подъезд тазалығы еш сын көтермейді. Бірақ оны ретке келтіру тұрғындардың өз қолында. Ал, олар үкіметке иек артып отыр. Біз жиналыстарда тұрғындарға ПИК құру керектігін талай рет айттық, бірақ көп адам бұдан бас тартуда.
Бүгінде Құлсарыда ПИК қызметін бүкіл бір аудан тазалығымен айналысатын «Жылыой-Тазалық» ЖШС атқарып отыр. Қазір бұл мекеме 2-ші ықшамаудандағы 10 үйдің күтімін өз жауапкершілігіне алған. Енді олардың балансына көршілес ықшамаудан үйлері де тапсырылмақ. Бір айта кетерлігі, «Жылыой-Тазалық» ЖШС-нің де келешегі қазір белгісіз болып тұр, себебі, мекеме осы жылдың екінші жартысынан кейін сатылымға қойылмақ.
- Біз бүгінде 196пәтер иелерімен келісімшартқа отырғанбыз. Біздің тариф - бір шаршы метрге35теңге. Бірақ төлем төлеуге келгенде тұрғындар құлықсыз. Біз бір жылдың ішінде жертөлелерді тазартып, подъезге есіктер мен терезелер салып, әктедік, сырладық, - дейді «Жылыой-Тазалық» ЖШС-нің директоры Бауыржан АБДРАХМАНОВ.
- Аудан әкімдігі 5-ші ықшамаудандағы үйлерге қызмет көрсетуге сіздер кіріседі деп отыр.
- Ол мүмкін емес деп ойлаймын, себебі, тұрғындар келісімшартқа отырудан бас тартуда. Ал, егер әкімдік тұрғындарды көндірсе, оған келісеміз. Бірақ оған қол жеткізіледі деп ойламаймын.
Біз қала үйлерін аралап шықтық. Әсіресе, 1-ықшам аудандағы үйлердің жай-күйі өте төмен.
1998 жылы қалада 26 ПИК болды. Олар 2005 жылға дейін жұмыс жасады, бірақ кейін банкрот деп жарияланды, өйткені, тұрғындар ақша төлемеді, қарыздар үйіліп қалды, салыққа бережағы асып кетті. Қазір Құлсарыда 3-ші ықшамаудандағы үйлерге қызмет көрсететін «Таза қала» ПИК-і құрылған болатын. ПИК төрағасы Амангелді ИБИНОВТЫҢ айтуынша, коммуналдық мәселелері өткір тұрған ықшамауданда жұмыс істеу өте қиын.
- Мен ПИК-ті қаланы қолымнан келгенше таза ұстайық деген мақсатта құрдым. Менде қосымша табыс табу туралы ой жоқ, мен осы уақытқа дейін коммуналдық қызмет көрсету үшін ешкімнен ақы алған емеспін. Бізде қажетті техника жоқ. Тұрғындар үйлерінің тозығы жеткенін, нашар күйде екенін айтады, ал, өздері жертөлеге қоқыс тастайды, -дейді А.Ибинов.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА