1 ақпаннан бастап «Тұлпар-Тальго» пойызына жаңа жеңілдіктер енгізіледі.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, егер бұрын 35 пайызға дейінгі жеңілдік пойыз қозғалғанға дейін 44-тен 40 тәулікке дейінгі мезгілде ғана қолданылған болса, енді 35 пайыз мөлшеріндегі жеңілдікті пойыз жүргенге дейінгі 10 тәулік ішінде, 20 пайыз мөлшеріндегі жеңілдікті 2 тәулік ішінде алуға болады.
«Мәселен, егер «Тұлпар-Тальго» пойызындағы Астанадан Атырауға дейінгі билеттің базалық құны «Турист» вагонында 14 054 тг болса, ертерек алған уақытта 9 223 теңгеге дейін құрауы мүмкін», - деп мысал келтірді баспасөз қызметі.
«Тұлпар-Тальго» пойызындағы жеңілдіктер келесі бағыттарға қолданылады: 19/20 Астана-Атырау, 77/78 Алматы-Атырау, 87/88 Ақтөбе-Астана, 79/80 Астана-Шымкент, 49/50 Алматы-Ақтөбе, 89/90 Астана-Қызылорда, 67/68 Астана-Өскемен, 69/70 Алматы-Өскемен, 35/36 Алматы-Шымкент.
Бұдан басқа, «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі бұрын енгізілген «Жастар», «Құрмет» немесе «Саяхатшы» дисконт карталарының бірімен ресімдеу мүмкіндігі туралы еске салды. Дисконт картасы болған жағдайда жоғарыда айтылған жеңілдіктер жүйесі есебімен жолаушы 52 пайызға дейін жалпы жеңілдік ала алады.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА