28 қаңтарда «Атырау. Маленькая страна» ҚБ Оңалту орталығының көптен күткен ашылу рәсімі өтті.
ЕЛ БОЛЫП ЖИНАЛДЫ
Ауыр науқас балалардың проблемасымен айналысатын ресми емес ұйымның, қоғамдық бірлестіктің қарапайым атыраулықтар тарапынан да, билік тарапынан да үлкен қолдауға ие болғанын бірінші рет кездестіруім. Мұның барлығы орталық жетекшісі Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВТЫҢ ашықтығы мен азаматтық белсенділігінің арқасында деуге болады. Ол өз қамқорлығындағы балалардың өмірі туралы жаңалықтармен интернет бетінде үнемі бөлісіп отырады. Осылайша, сәбилердің тағдырына көмектескісі келетін жүздеген мейірімді жандар қол ұштарын беруде.
- Миы зақымданған балаларға арналған оңалту орталығын ашу идеясы жауын жауып, жапырақтар түсіп жатқан бұлыңғыр күнде пайда болды. Бұл 2006 жылдың қарашасы еді. Содан бері қадамдап, торығу, тығырыққа тірелу, көңіл қалу, үміт, сенім, махаббат сияқты сезімдерді сезіне отырып, мақсатымызға қол жеткіздік. Яғни, бәрі бекер жасалмаған екен, - дейді Ерлан Күмісқалиев.– Бүгінгі күнге дейін анда-мында көшіп жүріп, өз оңалту бағдарламамызбен 120 отбасының ерекше балаларын қамтыдық. Алған бетімізден қайтпай, өзара түсіністік пен керемет ерік-жігер арқасында біз отбасылармен біріге отырып, бұған дейін қолдары мен аяқтары, үй қабырғасының артында өмір барын білмеген бұл балалардың өмірін жақсылыққа қарай бұруға қол жеткіздік. Балалардың күлкісі, алғашқы үндері мен сөздері, қалтылдай басқан қадамдары және көздеріндегі қуаныштары бізге үлкен күш беріп, бақыт сыйлайды, жұмысыңды одан әрі жалғастыруға талпындырады. Орталық Атырау тұрғындарының арқасында ашылды, жөндеу жұмыстарына қажетті барлық заттар, соңғы шегеге дейін солар жинаған қаржыға алынды.
Қала басшылығы да үлкен көмек көрсетті. Орталыққа Привокзальный, 5-ықшамаудан, 18-үй мекенжайынан орынжай ұсынды.
- Біз орталыққа әрі қарай да көмек беруге дайынбыз. Атап айтсақ, Атырау облысының іскер әйелдері қауымдастығымен біріге отырып, қайырымдылық шарасын өткізуді жоспарлап отырмыз, шарадан түскен барлық қаржыны балалардың қажеттілігіне жұмсаймыз, - дейді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира ШӘКІРОВА.
Орталықтың басты міндеттерінің бірі – ата-аналары осындай оңалтудың жаңа әдістері туралы тіптен білмейтін ауылдық жерлердің балаларын тарту. Ерлан қазірдің өзінде Исатай және Жылыой аудандарына барып қайтты, әрі қарай аралауға да дайын. Ашылу рәсіміне қатысқан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының өкілдері өз тараптарынан аудандардағы балаларды Орталыққа жіберуге көмектесетіндіктерін айтты.
КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ ҚЫМБАТ
Бүгінде Орталықта шағын болса да достығы жарасқан мамандар командасы жұмыс жасайды. Шағын мектепте бірнеше балаға сабақ беретін педагог бар. Ол балаларға хат танытумен қатар, қауіпті жағдайларда өзіңді қалай ұстау керектігін үйретеді. Бұл олар үшін өте маңызды ақпарат. Сәбилерге арт-терапия үйрететін өнер пәні мұғалімі, психолог, кинолог-нұсқаушы, канистерапия сабағына жауапты адам, массаж жасаушы маман бар. Ал ата-аналардың бірі музыкалық терапия емін өз мойнына алды. Барлығы да ерікті түрде жалақысыз жұмыс жасауда, орталық ұсынатын қызметтер де тегін. Болашақта, әрине, егер мұны қаржылай қолдаушылар табылса, есту және көру қабілеттері бұзылған балаларға арналған кабинет жадықтарын, сондай-ақ балаларды микротоктық электрорефлексиялық терапия әдісімен оңалтуға арналған «МЭКС» бағдарламалық-аппараттық кешен алу жоспарлануда.
Орталық орынжайды 5 жылға сенімді басқару тәртібімен алды. Бұл уақыт ішінде «Маленкая страна» жалдау ақысын төлемейді, алайда коммуналдық қызметке төлеу керек. Осы жерде алғашқы қиындықтар басталды. Өйткені орынжай ТКШ-нің балансында тұрғандықтан, Орталық тарифтерді сәйкесінше заңды тұлға ретінде төлеуі қажет.
- Жылу мен электр қуаты үшін келген шоттың өзі айына ондаған мың теңгеге шығады. Біз «АЖЭО» АҚ президенті Мұхамбетқали ҚАЛИЕВ пен «Атырау-Энергосату» ЖШС директоры Эльмира ИСЕМБЕРГЕНОВАҒА коммерциялық ұйым емеспіз, өз қызметімізден табыс көрмейміз деп түсіндіргіміз келген, алайда олар бізді өз құрылтайшыларына жібереді. Ал оларды қайдан табуды да білмеймін, - дейді Ерлан Күмісқалиев.
Зульфия ИСКАЛИЕВА