БҰҰ Бас Ассамблеясы мүшелік жарнаны төлемегені үшін Қырғызстан мен тағы 6 елді ұйымды дауыс беру құқығынан айырды. Бұл туралы БҰҰ ресми сайтында хабарланды.
«Қазіргі уақытта ұйымға мүше 7 мемлекет Бас Ассамблеяның 69-1 сессиясында дауыс бере алмайтын болды. Бұл Гренада, Қырғызстан, Маршалл аралдары, Бұрынғы Македония Югославиялық Республикасы, Тонга, Вануату мен Йемен», - деп атап өтті БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик.
Оның сөзіне қарағанда, бірнеше күн бұрын бұл тізімнен қарызын толық өтеген Руанда алынып тасталған.
БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунның ағымдағы жылдың 12 қаңтарында Бас Ассамблеяның төрағасы Сэм Кутесаға жолдаған хатына сәйкес дауыс беру құқығын қайтару үшін Қырғызстан кем дегенде $6731 төлеуі қажет.
Осыған байланысты бүгін Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеш халықаралық істер бойынша комитетінің төрағасы Қаныбек Иманалиев үкіметке БҰҰ Бас Ассамблеясына мүшелік жарнаны төлеу бойынша жағдайды түсіндіру мақсатында хат жолдады. Ол Қырғызстан Республикасы үкіметінің әрекетсіздігі елді ыңғайсыз жағдайда қалдырып, мемлекеттің әлемдік қауымдастық алдындағы беделін түсіріп отырғанын айтты.
Қырғыз Республикасының Қаржы министрлігінің баспасөз хабарламасында елдің СІМ хатына сәйкес Қырғызстанның БҰҰ-ның бюджетіне төлейтін салымы $54 271 құрайтыны және ол осы айдың соңына дейін төленетіні жазылған.
Дереккөз: ҚазАқпарат