2014 жылдың 31 желтоқсанында кәсіпкерлік субъектілерді тексеру мораторийі аяқталды. Барша жұртшылықты енді қалай болар екен деген сұрақ мазалайды.
Мораторий тексеру толықтай жоқ дегенді білдірмейді. ҚР бас прокуратурасы құқықтық статистика жөніндегі комитеттің Атырау облыстық басқармасының мәліметтеріне сәйкес, өткен жылы тексеру тағайындау туралы 3 155 акт тіркелген (2013 жылы - 9 863), оның ішінде 1 577-і – кәсіпкерлік субъектілері.
- Бизнесті тексеру тәртібі өткен жылдың желтоқсанында қабылданған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ҚР кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңында жазылған. Соған сәйкес, бизнеске бақылау жасау 4 топқа бөлінеді, - дейді құқықтық статистика комитеті басқармасы басшысының орынбасары Жәнібек СЕМҒАЛИЕВ. – Бірінші топқа кәсіпкерлік субъектілері жатады, оларға қатысты тексеру жүргізудің ерекше тәртібі қолданылады. Бұлар – атом энергиясы, қарулар, улар, прекурсорлар айналымы саласындағы, өрт және өнеркәсіп қауіпсіздігі мен санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық саласындағы қызметті жүзеге асыратын кәсіпорындар. Тәуекел деңгейіне сәйкес тексеру мерзімділігі белгіленеді. Мәселен, жоғары эпидемиялық маңыздағы нысандарда олар жарты жылда бір рет, орташа тәуекелділік деңгейінде – жылына бір рет өткізілмек.
Екінші топқа жататын кәсіпкерлер үшін ішінара, жоспардан тыс тексерулер және тәуекелділікті бағалау жүйесінің негізінде қадағалаудың басқа түрлері қолданылады. Бақылаушы органдар кәсіпкерлер ұсынатын есептеме талдамасына, жоспардан тыс тексеру нәтижелеріне сүйене отырып, ішінара тексеру тағайындауы мүмкін.
Үшінші топқа анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымның орындалуын бақылау; жеке және заңды тұлғалардың шағымдары; нақты залал келтіру фактісі бойынша прокуратура органдарының тапсырмалары немесе адам өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтіру қаупі; басқа мемлекеттік органдардың шағымдарының негізінде тексерілетін кәсіпкерлер кіреді.
Төртінші топқа тексеру жүргізусіз, бақылау мен қадағалаудың тек басқа түрлері жүргізілетін жеке кәсіпорындар жатады. Олардың нәтижелері бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғамай, қорытынды құжаттар – анықтама, ұйғарым, қорытынды жасақталады. Мұнда тексеруші органдар кәсіпкерге анықталған заң бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою тәртібін түсіндіруге міндетті.
- Егер кәсіпкер заңның барлық нормаларын айқын сақтаса, есептемені дұрыс тапсырса, оған тұтынушылардың немесе мемлекеттік органдардың тарапынан шағымдар жоқ болса, онда ол тәуекелділіктің болмашы деңгейіндегі кәсіпкерлік субъектісіне жатпақ, - дейді Ж.Семғалиев. – Мұнда бүкіл тексерулер міндетті түрде прокуратура органдарымен мақұлданады. Кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізу кестесі ҚР Бас прокуратурасының ресми сайтында - http://prokuror.gov.kzжарияланады. Әрбір бизнесмен белгілі бір бақылаушы орган өкілі жүргізген тексерудің қаншалықты заңды екенін біле алады. Тексеру заңдылығына ҚР бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің сайтындағы ақпараттық сервис арқылы онлайн режимде, 102 нөміріне sms-хабарлама жіберіп немесе 1414 телефоны арқылы call-орталыққа қоңырау шалып, көз жеткізуге болады. Өткен жылы «Бизнес тірегі» жобасы арқылы кәсіпкерлер тарапынан 20 шағым түсті, олардың бәрін біздің жедел мобильді топтар тексеріп шықты.
Тамара СУХОМЛИНОВА