Атырау, 28 қараша 03:24
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Есболдың құты қашты

3 395 просмотра

Индер ауданына қарасты ауылдық округтердің әкімдері жергілікті халық алдында есеп беру жиындарын өткізді. Біз соның ішінде әлеуметтік-экономикалық даму рейтингі бойынша ең соңғы орында тұрған Есбол ауылдық округінде болып қайттық. 

Жиын басталмай тұрып біз ауыл ішін аралап шықтық. Мұнда үш мектеп, орман шаруашылығы, «Қазсушар» РМК-ның аудандағы филиалы, екі балабақша жұмыс істейді.

Ал, кезіндегі совхоз кеңсесінен қалған ғимарат орталықта азып-тозып тұр. Бұрынғы екі қабатты автобазаның ғимаратын ұжым мүшелері бөліске салып, құлаған қабырғасы қалқиып қалған. Кезінде осы ғимаратты балабақша ғимараты етіп салу үшін сатып аламыз деген әкімдіктің әрекетінен ештеңе шықпады. Ауылда Мәдениет үйі атымен жоқ. Спорт кешенінің құрылысы тоқтап қалды.

Есбол округінің әкімі Ерлан ҚАЛИЕВТЫҢ есеп беру жиынына 5 мыңға жуық тұрғыннан бар болғаны 100 шақты адам ғана жиналды. Индер ауданының әкімі Серік АРЫСТАН халықтың мұншама аз жиналғанының себебін анықтағысы келген, бірақ нақты жауап ала алмады.

Әкім Қалиевтың «Округтің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алда тұрған міндеттері жөніндегі» есепті баяндамасында ауылда егін шаруашылығы бұрынғыдан дамып, мал басын өсіруден «ілгерілеушілік» байқалып, ауылішілік көшелерді жарықтандыру жолға қойылып, шағын кәсіпкерліктің дамып келе жатқандығы айтылды.

Біздің мәлімет бойынша, былтыр Есбол ауылында төрт түлік мал 45 басқа ғана өскен, ал, бұл мал өсірумен айналысатын ауыл үшін тым аз. Ауылда жұмыссыздық өткен жылмен салыстырғанда өсіп кеткен. Кезіндегі 25 кереуеттік ауруханада тәуліктік 5 кереует қалған. Ал, күндізгі кереует саны - 10. Бұған да шүкіршілік еткен жергілікті тұрғындар аурухананың мүлдем жабылмай қалғанын місе тұтып отыр.

«Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша ауылда жаңа су тазарту қондырғысы салынғанымен, су жүйесін үйлерге қосуда кідірістер көп. Су жүйесіндегі ақаулықтар мен құдықтардың істен шығуы қосымша қаражатты қажет етуде.

Ауылдағы жағдайдың әкімнің баяндамасындағыдай керемет емес екенін тұрғындардың өздері де айтып өтті.

Бағытжан ИМАНҒАЛИЕВ, зейнеткер:

- Жыл сайын мал жайылымы тарылып барады, ауылдың бір жағында орман шаруашылығы, ал екінші жағында «Бағырлай» каналы орналасқан. Канал бойын егіншілер қоршап алған. Сонда малды қалай көбейтіп, қалай асыраймыз? Мен бұл жайтты өткен жылы да айтып едім, ешқандай нәтиже жоқ.

Ажар СҰЛТАНҒАЛИЕВА, ауданның құрметі азаматы:

- Біздің өңірден облыстық Мәслихатқа екі рет сайланған Бағыт АЙДАШЕВ сайлауға дейін үйіп-төгіп уәде берді де, одан кейін бір рет қарасын көрсетпеді. Неге ол өтірік уәде береді. Аудан әкімі, тәртіпке шақырыңыз! Неге ол сайлаушыларымен кездеспейді?

Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөнінен есеп берген аудан әкімі С. Арыстан тұрғындардың кейбір сұрақтарына жауап беруге тырысты.

- Облыстық мәслихаттың депутаты Бағыт Айдашевтың Елтай өңірінде «Айдаш», «Аманжол» деген екі шаруа қожалығы бар. Ол сонда келіп тұрады. Депутатты тәртіпке шақыра алмаймын, бірақ оған сіздің өтінішіңізді жеткіземін. Ал, егін салуға қатысты айтсақ, Махамбеттен келген кәсіпкер азамат осы Есболдан 100 гектар жер алып, тамшылатып суарумен егін екпекші. Сіздер де салыңыздар, ешкім бөгет болмайды. Ауылға мәдениет үйі демеушілік көмекпен салынады, бірақ биыл салынады деп сенімді түрде айта алмаймын.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

29 қаңтар 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.