Атырау, 28 қараша 03:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Ешкім қол қойғысы келмеді

4 060 просмотра

Осыдан үш жыл бұрын басталған Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы №9 орта мектептің күрделі жөндеуі әлі аяқталған жоқ. Мектепке әлі күнге дейін мемлекеттік қабылдау актісі берілмеген.

920 оқушыға арналып салынған №9 орта мектепте бүгінде 1 494 оқушы оқиды. Мектептің жөндеуі толық бітпеуіне байланысты оқушылардың бір жартысы басқа мектептерде оқып жатыр. 

2012 жылы мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін бюджеттен 74 млн 700 мың теңге бөлінді. Ол кезде мектеп директоры З. ТӘЖЕНОВА болатын, мердігермен арадағы келісімшарт та сонымен жасалған. Келісімшартта жөндеу жұмыстары сол 2012 жылдың 5-қыркүйегінде бітуі тиіс деп көрсетілген.

Бастапқыда мердігер есепшотына 22 млн 410 мың теңге аударылған. Бұдан кейін мектеп директоры өз еркімен жұмысынан кетіп,оның орнына  директордың орынбасары болып жұмыс жасаған  Алмажай РАШБАЕВА тағайындалады.

Мердігер жұмысы басынан қожырайды, біресе жұмыс қолы, біресе техникасы жетіспейді. Құрылыс материалдары да уақытылы келмейді. Осының кесірінен мектептің жөндеуі тоқтап қалады. Қазір мектеп ауласын қоршау, ғимараттың сыртын сылау жұмыстары бітпей, бастауыш сыныптарға арналған мектеп ғимаратының жылу жүйесі  мен төбе жабындысы жасалмай қалды.

- Бүгінде бастауыш мектептің кіре беріс дәлізінің төбесінен су ағады. Ғимараттардың сыртқы сылақтары жүрмеуіне байланысы келбеті бұзылған, мектептің күрделі жөндеуден өткені білінбей қалған, - дейді мектептің қазіргі директоры Шынар АМАНИЯЗОВА.

- Күрделі жөндеу барысында атқарылған жұмыс көлемінің құны 59 млн 139 теңгені құрап отыр. Алайда, мектеп ғимараттарындағы жөндеу жұмыстарының сметаға сәйкес орындалмағаны белгілі болып отыр, - дейді Жылыой ауданы прокурорының көмекшісі Алтынгүл ИСМАГУЛОВА. - А. Рашбаеваның заңсыз іс-әрекеттерінің салдарынан мемлекетке жалпы сомасы 8 млн теңге көлемінде залал келтірілген. Осыған байланысты оның үстінен ҚР ҚК-нің ескі нұсқасы бойынша 307-баптың 2-тармағымен («Қызмет өкiлеттiгiн теріс пайдалану»), 314-баптың 2-тармағымен («Қызметтiк жалғандық жасау») қылмыстық іс көтерілген. Іс сотта қаралып жатыр.

Жөндеуге бөлінген қаржының жалпы сомасының 10 пайызы игерілмеген деген себеппен облыс бюджетіне қайтарылды. Мердігер компания «АСД» ЖШС директоры Дмитрий ЛЫСЕНКО қазір қашып жүр. Мердігер мекеменің есепшотына жөндеу қаржысының 90 пайыз сомасын аударды деп айыпталып отырған Алмажай Рашбаеваның өзі болса мұнымен келіспейді.

- Мен қатардағы мұғаліммін, мен құрылыстағы сауатсыздығымнан зардап шегіп отырмын, - дейді А. Рашбаева. - Мен «АСД» ЖШС-нің Атыраудағы кеңсесіне талай рет бардым. Лысенко бірде келетін болып, кейін хабарсыз жоғалады, болмаса телефонды көтермейді. Менің орындалған жұмыстарды қабылдау актісіне қол қойғым келмеген, бірақ сол кездегі білім бөлімінің бастығы Қ. Сейдахметова мен аудан әкімінің орынбасары І. Елтезеров «ақшаны қалайда игеруіміз керек, облысқа кетіп қалады, қалайда қол қоясың» деп мәжбүрледі. Олар ЖШС жұмысты бітіреді деп сендірді. Енді мен содан опық жеп отырмын. Себебі, Қ.Сейдахметова зейнеткерлікке шығып кетті, ал әкім орынбасары басқа жұмысқа ауысып кетті. Лысенко болса іздеуде.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

29 қаңтар 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.