Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев 2017 жылға қарай экономиканы көтеріп, бюджет кірісін арттыруды көздейтін дағдарысқа қарсы бағдарламаға қол қойды.
Ресей экономикасы қазір әлемде мұнай мен газ бағасының арзандауынан және батыс елдерінің Мәскеудің Украинадағы саясатына байланысты салған экономикалық санкцияларынан дағдарысқа ұшыраған.
Қаңтардың 27-сінде Ресей қаржы миинстрі Антон Силуанов дағдарысқа қарсы бағдарлама бойынша мемлекеттік шығындар азайтылып, құрылымдық реформалар жүргізілетінін, сол арқылы Ресей экономикасы "абайсызда құрдымға кетуден" сақтанатынын мәлімдеген.
Ресей премьерінің баспасөз қызметі бүгін Дмитрий Медведев дағдарысқа қарсы бағдарламаны түсіндіру үшін аймақтық әкімшілік басшыларымен кездесетінін хабарлады. Бағдарлама мәтіні бүгін жарияланбақ.
Антон Силуанов бұған қоса Standard & Poor's агенттігінің қаңтардың 26-сында Ресейдің несие рейтингін ең төменгі деңгейге түсіргенін сынап, рейтинг "Ресейдің дағдарысқа бағдарламасы жайлы егжей-тегжейлі білмей жатып жасалған" деп мәлімдеді.
Дереккөз: Азаттық радиосы