Косовода қаңтардың 27-сі күні министрдің отставкаға кетуін талап еткен мыңдаған демонстранттар мен полиция арасында болған қақтығыста ондаған адам зардап шеккен.
Полиция Приштинаның орталығындағы үкімет үйі маңында наразылық танытқандарды қуып тарату кезінде көзден жас ағызатын газ шашқан. Қақтығыстан зардап шеккендердің бесеуі полиция қызметкерлері.
Наразылыққа Косово премьер-министрі Иса Мустафа кабинетіндегі этникалық үш серб министрінің бірі - еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Александр Яблоновичтің этникалық көпшілікті құрайтын албандар жайлы пікірі себеп болған. Яблонович екі апта бұрын серб зияратшыларын православиелік Рождество кезінде Косовоның батысындағы ғибадатханаға жібермей қойған албандарды "жабайылар" деп атаған. Бұдан соң албандар жаппай наразылық шерулеріне шығып, өздеріне "тіл тигізген" Яблоновичтің отставкаға кетуін талап еткен. Сербтерді зияратқа жібермей қойған албандар "олардың арасында әскери қылмыскерлер де болған" дейді.
Кейін Яблонович айтқан сөзі үшін кешірім сұраған.
Дереккөз: Азаттық радиосы