Облыстық прокуратурада діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдар жөніндегі 2014 жылы жасалынған жұмыстар туралы айтылды.
«Шетелден теологиялық білім алған облыстың 17 тұрғынына терроризм идеясын таратуға, оны қаржыландыруға, лаңкес топтарға қатысуға жол бермеу туралы ескерту берілді, сонымен қатар аталмыш іс-әрекеттер үшін жауапкершілікті қарастыратын заңнама нормалары түсіндірілді, - делінген облыстық прокуратура таратқан баспасөз релизінде. - Бұдан басқа, өткен жылы белгіленбеген орындарда діни әдебиеттер сатудың анықталған 6 фактісі бойынша 6 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды».
Прокуратура мәлімдемесі бойынша, 2014 жылдың 3 маусымында қалалық соттың шешімімен 71 мәтіндік ақпараттық материал экстремистік деп танылып, оларды ҚР аумағына әкелуге, басуға және таратуға тыйым салынды.
2013-2017 жылдары діни эстремизм мен терроризмге қарсы мемлекеттік іс-қимыл бағдарламасының орындалуы ерекше бақылауда. Осы тақырыпта облыс прокуроры Ғалымжан ТОҒЫЗБАЕВТЫҢ төрағалығымен қылмыскерлікпен күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Облыс прокуратурасының тапсырысы бойынша «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері» тақырыбында деректі фильм әзірленді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ