Сауд Арабиясының Королі Абдуллах бен Абдель Әзиз Әл Сауд 23 қаңтарда, жұма күні, 91 жасқа қараған шағында дүниеден өтті, деп хабарлады РИА Новости Сауд Арабиясының мемлекеттік телевидениесіне сілтеме жасап.
Өткен айда монарх қабыну сырқатына ұшырап, ауруханаға жатқызылған болатын. Ол Эр-Риядтың клиникаларының бірінде медициналық тексеруден өтті. Қаңтар айының басында оған «өкпе инфекциясы» диагнозы қойылып, ауруханадан шықты, оның тыныс алуын жеңілдету үшін арнайы түтік орнатылды. Соңғы төрт жылда ол омыртқасына бірнеше хирургиялық операциядан өтті.
Ол әлемдегі іс басындағы ең қарт монарх болды. Алғашқы Сауд королі Абдул-Әзиз ІІ-нің отбасында дүниеге келді. Мекке қаласының мері, ұлттық гвардияның қолбасшысы, премьер-министрдің бірінші орынбасары болды. 1982 жылдан бері мұрагер ханзада, ал 2005 жылы өзінің қайтыс болған ағасы Фахдтың тағына отырды.
Абдалла өзінің демократиялық заңдарымен танымал. Мысалға, ол өзінің алғашқы жарлықтарының бірінде король отбасына (7 мыңға жуық адам) мемлекет қазынасын пайдалануға тыйым салды. Ол сондай-ақ монархтың қолын сүюді алып тастады, жай ғана қол алысу жеткілікті деп санады.
Таққа отырған Салман ибн Абдул Әзиз әл-Сауд 2012 жылы 18 маусымда Абдалланың қайтыс болған екі тақ мұрагерін ауыстырып, мұрагер ханзада болды. Оның соңғы қызметі - Сауд Арабиясының қорғаныс министрі. Оның ұлы Сұлтан - әскери ұшқыш, алғашқы араб астронавты.
Дереккөз: ҚазАқпарат