Минскде 1995-1997 ж.т. жастар арасында БССР-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы О.И. Марковскийді еске алуға арналған грек-рим күресінен VI халықаралық командалық турнир өтті.
Жарысқа Қазақстан мен Белоруссиядан екі-екі құрама, сондай-ақ, Ресей, Польша және Швеция құрамалары қатысты. Командалар матчтық кездесулер өткізді. «Қазақстан-1» командасы «қола» жүлде үшін болған кездесуде поляктарды 5:3 есебімен ұтты. «Қазақстан-2» командасы соңғы орындарда қалып қойды.
Бұл турнирде атыраулық палуан Мирас Рахметуллаев (59 келіге дейін) жақсы өнер көрсетті. Ол «Қазақстан-1» құрамында 4 жеңісті белдесу өткізіп, 5-айқасында беларусьтік қарсыласына есе жіберіп қойды.
***
Доссор ауылында 2001-2002 ж.т. кіші жасөспірімдер арасында облыстық бокс федерациясының жүлдесіне арналған дәстүрлі турнир өтті.
Жарысқа Атырау қаласынан екі құрама және облыс аудандарынан бес команда, барлығы 82 спортшы қатысты. Мұнда 2015 жылғы аймақтық ҚР біріншілігіне қатысатын облыс құрамасына іріктеу жүргізілді. Өз салмақ дәрежелерінде Мақсат Ғимранов, Ерасыл Ғаниев, Дархан Даиров, Асылхан Жолболды, Аманжол Бекболатұлы, Бекзат Сиражев, Бекзат Кеңесов, Ахмет Бекболатұлы, Нұрсұлтан Наурызбаев, Илья Коновалов, Әлихан Бектұрғанов, Қайырхан Жолжанов, Рахат Дарханов, Самат Болат және Жарасхан Шапай жеңімпаз атанды. А.Бекболатұлы («Үздік техникасы үшін») және Нұрберген Нұржанұлы («Жеңіске деген жігері үшін») арнайы сыйлықтарға ие болды. «Үздік рефери» - Қалмұрат Торбаев.
Сурет бокс федерациясынан алынды
***
«Бейбарыс» хоккей клубы «Алматымен» сырт алаңда екі матч өткізді.
Екі кездесуде де жеңімпаз овертаймда анықталды. Алғашқы матчта 4.4 есебімен тең тұрғанда шешуші шайбаны алаң иелерінің шабуылшысы Шкода салды. Бұл күні «мәмлүктердің» қатарынан Николай Ладыгин, Йохан Лорейн және Матис Краль (2) көзге түсті. Негізгі уақытта 1:1 есебімен тең түскен екінші матчтың овертаймы қонақтардың пайдасына шешілді – шешуші гол Ээту Хейккиненнің еншісінде.
***
Түркияның Анталия қаласында «Атырау» футбол командасы мен Бразилияның «XV de Novembro» командасы арасында жаттығу матчы өтті.
Ойын 6:1 есебімен біздің футболшылардың пайдасына аяқталды. Бір голды Айбар Нұрыбеков пенальтиден салса, қалған доптарды командаға үміткер ретінде қаралып жатқан ойыншылар соқты.
***
Алматыда өткен 2002-08 ж.т. кіші жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында атыраулық тайбоксшылар командалық есепте алдарына Алматы қаласы мен Алматы облысын салып, үшінші орынға ие болды.
«Қайсар» дәстүрлі карате және тай боксы спорт клубы жарысқа 11 жас спортшы жіберді. Олардың бесеуі жүлдемен оралды. Юсуф Мұхтасип (6-7 жас, 20 келіге дейін) «алтын» иеленсе, Мұхамедәли Мақсот (12-13 жас, 39 келіге дейін), Әли Мұратов (10-11 жас, 30 келіге дейін) және Владислав Ким (6-7 жас, 30 келіге дейін) – «күміс», Рамиль Мұратов (10-11 жас, 25 келіге дейін) «қолаға» қол жеткізді.
Спортшыларды жаттықтыру-шылар Б.Мұхамбеталиев, Н.Әміржанов және А.Рахман дайындады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ