Атырау, 21 желтоқсан 14:56
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Шебердің сөзі

4 161 просмотра

75 жастағы спорт ардагері, өңіріміздегі алғашқы грек-рим күресінен КСРО спорт шебері Меңдігерей ХАЙРУЛЛИН (суретте) өзінің спорттағы үлкен жолы туралы айтып, спорт қауымдастығын Жаңа жылмен құттықтады.

- Мен спортпен кеш шұғылдандым, 17 жасымда, - дейді ақсақал. – Гурьев қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектепті аяқтағаннан кейін Ақтөбе темір жол техникумына түстім, ал, бұл қалада күрес жақсы дамыған еді. Жұрттың бәрі бір жылда еркін күрестен КСРО халық спартакиадасында және Қазақ ССР чемпионатының алтын медальдарын ұтқан ағайынды Алексей және Борис Семкиндерді пір тұтты. Біздің күрес залымыз «Теміржолшылар» мәдениет үйіне қарсы орналасқан еді. Мен жаттықтырушы Леонид Карасев жүргізетін грек-рим күресі секциясына жазылдым. Оның жетекшілігімен жарты жылдан кейін белгілі диханшы Шығанақ Берсиев атындағы республикалық турнирдің «алтынына» ие болдым. Содан кейін жеңіл салмақта (52 келіге дейін) Ақтөбе облысы мен Қазақ ССР құрамасының сапына өттім.

Қазақ ССР құрама командасында бізді Владимир Угрюминов жаттықтырды. 1959 жылы мен әскер қатарына шақырылдым. Сол жақта маған армияның күрес жаттықтырушылары назарын аударды, ал, Мәскеу округі чемпионатында жеңгеннен кейін бірден спорт ротаға қосты. Мен ішкі істер әскерінде қызмет еттім, ал, онда спорт рота сарбаздарын жаттығу жасау үшін босататын, жаттығулар «Динамо» спорт кешенінде КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 12 дүркін КСРО чемпионы Леонид Егоровтың жетекшілігімен өтті. Осы жерде мен қазақтың атақты еркін күрес шеберлері, КСРО халық спартакиадасының жеңімпазы және КСРО чемпионы Әбілсейіт Айханов және КСРО чемпионы, кейіннен ҚР құрамасының аға жаттықтырушысы болған Аманжол Бұғыбаевпен таныстым. Сондай-ақ, болашақ академик, Шымкент педагогика және дене тәрбиесі институтының ректоры Мардан Сапарбаевпен бірге жаттығу жасадым. Бүкілодақтық жарыстарда бірнеше рет топ жарғаным үшін маған КСРО спорт шебері деген атақ берілді.

1962 жылы әскер қатарынан босағаннан кейін Гурьевке оралдым. Сол кездегі облыстық спорт басқармасының бастығы Еркін Әсенов мені республикалық «Қайрат» спорт қоғамының филиалына жіберді. Содан кейін облыстық спорт кәсіподағында, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасында жұмыс жасадым. Көп уақыт бойы басшылық жұмыстарды жаттықтырушылықпен бірге алып жүрдім.

- Сол жылдары бізде грек-рим күресі қалай дамыды?

- Өте нашар. Ешқандай база болған жоқ. Балықшыда өзен порты кеңсесінің жанында спорт зал болды. Сол жерде палуандар, гимнасшылар және басқа да спортшылар жаттығу жасады. Күрес кілемі сорғыш материалдардың (губка) кесінділерінен жасалған еді. Бұл жерде еркін күрестен спорт шебері Жүрес Ысқақов, белгілі жаттықтырушы Сәбит Сатыбалдиев өз шәкірттерін тәрбиеледі. Спортпен шұғылданғысы келетіндер көп еді, алайда спорт залдар болған жоқ.

- Шәкірттеріңіздің ішінен жақсы жетістікке жеткендер бар ма?

- Қазіргі әкім Нұрлыбек Ожаевты мен жаттықтырдым, Қазақ ССР чемпионаттарында жеңіске жетті. Жарақат алғанша ел құрамасының сапында болды. Самат Қойбақов, Бақтығали Орынбасаров, Табылды Масабаев, Игорь Маряхин және тағы басқалары республика чемпионатының жүлдегерлері атанды.

1996 жылы көзім ауыра бастады, ал, бір жылдан соң, қиын операциядан кейін мүлдем көрмей қалдым. Облыстық күрес федерациясы, грек-рим күресі жаттықтырушылары және облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы басшысы Нұржан Ермұхановтың арқасында қазір Волгоградқа емге барып жүрмін. Қазір заттардың сұлбаларын көре бастадым. Көзім жазылып, жас палуандардың өнерін әлі де тамашалаймын деп үміттенемін.

- Спортшыларға Жаңа жылда не тілейсіз?

- Спортпен шұғылданыңдар! Ол үшін қазір барлық жағдай жасалған. Жаттығуларға кешікпей барыңдар және қалып қоймаңдар – тек үлкен еңбекпен спортта жетістіктерге жетуге болады. Кәсіби тұрғыда спортпен шұғылданатындарға жарыстарда үлкен күш-қуат, жарақат алмай, Бразилиядағы Олимпиадаға жолдама ұтып алуларын тілеймін. Алла тағала барлықтарыңыздың отбасыларыңызға береке, бақыт, табыс берсін.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

22 қаңтар 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.