Фото: azattyq.orgАлматы. 21 қаңтар. ҚазТАГ – Американдық Бостон қаласында (Массачусетс штатында) бес күндік техникалық үзілістен кейін Бостон марафоны кезінде теракт жасаған деп айыпталып жатқан Джохар Царнаевтың тағдырын шешетін алқа билерді іріктеу рәсімі қайта қаралуда, деп хабарлады ТАСС.
Бұған дейін аталмыш істі жүргізіп отырған Джордж О’Тул алқа билер құрамына кіруі мүмкін 40 кандидатпен әңгімелесу өткізеді деп жоспарланған болатын. Алайда бұл аталмыш процесс күткендегіден де жай жүруде. Мәселен, сейсенбіде О’Тул әңгімелесуге тек 20 үміткерді ғана шақырды, оның алдында 34-імен кездескен болатын.
Кейбір кандидаттар әңгімелесу кезінде Царнаевтың кінәлі екеніне сенімді екендерін айтады. Алайда сот ол пікірлерді біржақты деп санап, ой елегінен өткізуде. Алғашқыда 1 мың 350 әлеуетті алқа билер іріктеп алынған болатын. Олардың ішінен сот 60-ын қалдыруды шешті. Соның ішінен жас жігіттің тағдырын шешетін 12 алқа би іріктеліп алынады. Сонымен қатар керек болып қалуы мүмкін деген себеппен 6 қосымша алқа би де іріктеліп қойылады.
Бұған дейін О'Тул хабарлағандай, қорғаушылар мен айыптаушы тараптар осы жылдың 26 қаңтарында Царнаевтың ісі бойынша өз ойларын ортаға салады, сот 3 айдан 4 айға дейін жалғасады.
Бақылаушылар соттың Царнаевты кінәлі деп табатынына сенімді. Мәселе оған қандай жаза берілетінінде. Бас прокуратура оған өлім жазасын ұсынып отыр. Адвокаттар болса өмір бойы бас бостандығынан айыру керек деген пікірде.
Еске салсақ, Масачусетс университетінің екі қазақстандық студенті А. Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевты 2013 жылы 15 сәуірде Бостондағы терактіні ұйымдастырушылардың бірі, Царнаевтардың кішісі – Джохармен байланыста болған деген күдікпен ұстады. 7 шілдеде Бостонда А. Тәжаяқовтың үстінен сот ісі басталды. Прокурорлар оған Бостондағы марафонда 3 адамды өлтіріп, 260 адамды жарақаттаған деп айыпталған Д. Царнаевтың ісін тергеуге кедергі келтірді деп айыптады.
Дереккөз: ҚазТАГ