Атырау, 28 қараша 02:41
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Атырау билігі Арон Атабекті қолдау митингісін ұйымдастыруға рұқсат берді

2 117 просмотра

Жаңаөзендегі адамдарға қарсы оқ атуға қарсы атыраулық азаматтық белсенділердің наразылығы. Фото Жаңаөзендегі адамдарға қарсы оқ атуға наразылық білдірген атыраулық азаматтық белсенділер. Фото "АЖ" мұрағатынан.Атыраулық құқыққорғау қозғалысының белсенділері Арон АТАБЕКТІ қолдау митингісін ұйымдастыруда. Ол БҰҰ-ның азаматтардың бейбіт жиындар өткізу және жиналу құқығы мәселелері бойынша арнайы өкілі Майна КИАИДІҢ Қазақстанға келу сапарына орайластырылды.

- Бүкіл ел бойынша митингтер өткізуге рұқсат алу үшін мемлекеттік органдарға жүгіну бастамасы алматылық қоғам белсенділеріне тиесілі. Біз, мен және Тоғжан ҚИЗАТОВА осы ұсынысты қолдауды ұйғарып, қалалық әкімдікке Шаңырақ оқиғасына байланысты қамауда отырған ақын әрі диссидент Арон Атабекті қолдау митингісін өткізу туралы өтініш бердік. Әрі ол 31 қаңтарда 62 жасқа толады. Оған моралдық тұрғыда қолдау көрсетіп, оның денсаулығының нашарлап бара жатқанына билік назарын аударғымыз келеді, - дейді қоғам белсендісі Макс БОҚАЕВ. – Біз елімізге БҰҰ өкілі келетін күндері билік алдыңғы жағдайларға қарағанда «келісім» берер деп жорамалдаған едік, қателеспеппіз. Рас, біз ұсынған Құрманғазы, Исатай-Махамбет және Дина Нұрпейісова атындағы алаңдардың орнына қалалық әкімдік қала шетінен, Балықшыдан орын бөлді.

Әкімдік рұқсат берген митинг 24 қаңтарда сағат 11.00-ден бастап 12.00-ге дейін Балықшыдағы А.Құнанбаев көшесінің бойындағы №28 үйдің алдында өтеді. Қосымша ақпаратты ұйымдастыру комитетінен (8705) 441 32 38 телефоны бойынша алуға болады.

Сапар шеңберінде Майна Киаи Астанаға, Алматыға, Ақтау мен Жаңаөзенге келеді. Өз түйгендері мен ұсыныстарын БҰҰ баяндамашысы Астанада қаңтардың 27-сінде өтетін қорытынды баспасөз конференциясында жарияламақ. Сапар қорытындысының есебі биыл маусымда БҰҰ-ның адам құқығы кеңесінің сессиясында ұсынылады.

Естеріңізге салсақ, 2006 жылдың 14 шілдесінде Алматы қаласының маңындағы «Шаңырақ» ықшамауданында тұрғын үйлердің күрелуіне және сол төңіректегі тұрғындар мен қала билігі арасындағы ашық қарсылыққа байланысты атышулы «Шаңырақ» оқиғасы орын алды. Нәтижесінде полиция қызметкері қаза болып, жанжалға қатысқан оншақты адам жараланып, қамауға алынды. Белсенді қатысушылардың бірі, жазушы Арон Атабек баспанаға зәру емес еді, алайда баспанасынан айырылған адамдарға ниеттестік білдіріп, оқиғаның басы-қасынан табылды. Нәтижесінде ол басты кінәлі тұлға ретінде танылып, «Шаңырақтағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған» деген айыппен 18 жылға сотталған болатын.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА 

20 қаңтар 2015, 16:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.