Атырау облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Мәди ТӘКИЕВ пен өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек ЖӘКИЕВ Атырау қаласындағы бірнеше сауда нүктелеріне аяқ басып, азық-түліктер сататын салық төлеушілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Дүкендер бойынша таныстыру рейді күтпеген жерден ұйымдастырылды. Сауда нүктелері қожайындарының есептеу-бақылау маркасының (ЕБМ) дұрыстығын анықтайтын сканермен қаруланған мұндай меймандар келеді деп күтпегендері анық. Аспап бағдарламасына барлық қазақстандық алкоголь өнімдерін өндірушілер мен ресми дистрибьютерлері туралы мәліметтер енгізілген және ол үнемі жаңартылып отырады. Біздің дүкендеріміздің көпшілігінде жалған ЕБМ салынған алкоголь өнімдері өткізілуде. Саттықта ЕБМ-сіз ресейлік өндірістегі алкоголь өнімдері бар. Бұдан басқа, тауарларды сату кезінде бақылау-кассалық машиналар қолданылмайды. Рейд түсіндіру сипатында болғандықтан спирт сатушы саудагерлерге айыппұл салынбады, тек салық заңнамасындағы өндірісті мемлекеттік реттеу және этил спирті мен алкогольдік өнімдердің айналымы мәселелері бойынша өзгерістерді қаперлеріне берді. Кәсіпкерлерге тексеру мораторийі аяқталғанын, алдағы уақытта заң бұзушылық орын алған жағдайда әжептәуір айыппұл санкциялары салынатындығын ескертті.
Зульфия ИСКАЛИЕВА