Атырау, 28 қараша 02:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

ІІД тергеушілері бұрынғы жолпол басшысымен соттасуда

3 943 просмотра

2 қаңтарда Атырау қалалық сотында үш ІІД қызметкері – тергеу басқармасының басшысы Есмұхан ҚАЖЕКЕНОВ, тергеушілер Рүстем МЕҢДАЛИЕВ пен Арон ЕСЕНАМАНОВТЫҢ Виктор АБАКУМОВКЕ (суретте) қатысты жазған талап арызы бойынша процесс басталды.

Бір айта кететін жайт, В. Абакумов көп жылдар бойы құқық қорғау органдарында жасаған, 1999-2002 жж. облыстың жол полициясын басқарған. Қазір кәсіпкер. Талапкерлер соттан оны 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген ҚР ҚК-нің 130-бабы 3-тармағы («Тұлғаны жемқорлық қылмыс жасады деп жала жабу») бойынша қылмыстық жауапқа тартуды талап етуде. Олар В. Абакумовтың ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасына, ҚР мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агентігіне, «Нұр Отан» партиясына және ҚР ІІМ-ге жазған арыздарында өздерінің абырой мен қадір-қасиеттерін, іскерлік және ішкі істер органдары қызметкерлерінің беделін түсірді деп есептейді.

Талапкерлер «АЖ»-ға түсінік беруден бас тартты және процесте БАҚ өкілдерінің қатысқанына қарсы болды. Сот олардың өтінішін қанағаттандырды. Бізге жауапкердің өзінен белгілі болғандай, ол өзінің жоғарыда аталған инстанцияларға жазған арыздарында тергеушілерді сыбайлас жемқорлықпен, яғни, В. Абакумовты ірі сомаға алдап кеткен М.Е. деген азаматқа қатысты бұрынғы ҚР ҚК-нің 177-бабы («Алаяқтық») бойынша ашылған алаяқтық туралы қылмыстық істі пара алып, жауып тастаған деп айыптайды. Істі прокуратура кері тергеуге жіберген сайын төрт рет жауып тастаған.

Абакумовтың айтуынша, оқиға былай болған. 2009 жылы Атырау тұрғыны М.Е. оған ТШО-дан күкірт сатып алу туралы келіссөздерде делдалдық қызмет көрсетуді ұсынады. М. Е., Абакумовтың айтуынша, бұрын өзінің делдалдығы арқасында ТШО-мен жасалған шарттарды, сондай-ақ күкірттің ірі партиясын жеткізуге мүдделі болған ресейлік сатып алушылардың хатын көрсетіп, сенімге кірген. Нәтижесінде Абакумов мәмілені тиімді деп шешіп, М.Е.-ге ТШО-мен жасалатын болашақ келісімшарт үшін алдын ала ірі көлемде ақша береді. Осыдан кейін ол жоғалып кетті.

Біраз уақыт өткеннен кейін Абакумов белгілі бір деректер бойынша М.Е. тығылып жүр деген Батыс Қазақстан облыстық ІІД-ге шағымданады. Сол жақтан істі «делдалдың» Атырауда тіркелгенін және оған таңылып отырған қылмыс осы жақта жасалғандығын негізге алып, Атырау облыстық ІІД-ге жібереді. Алайда атыраулық тергеушілер қылмыс құрамының жоқтығына байланысты қылмыстық істі жауып тастайды. Абакумовтың айтуынша, бұл туралы оған ескерту де жасалмаған, ол хабарды прокуратурадан естіпті.

Содан бері іс ІІД мен прокуратура арасында кезіп жүр.

- Маған қандай айып тағып отырғандарын түсінбеймін, - дейді В. Абакумов.– Иә, мен тергеушілердің өз қызметтік міндеттемелерін тиісті орындауларына шара қабылдау үшін құзіретті органдарға арыз жаздым. Бұл менің құқығым. Мұны қалай түсінуге болады, егер прокуратура істі кері тергеуге қайтарса, келесі күні мен Меңдалиевтің алдына барғанда барлығын тексереміз деп уәде береді де, мен кеткеннен кейін қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарады. Ешқандай тергеу әрекеттерін жүргізбестен, іске қатысты адамдарды шақырмастан жаба салады. Егер бұл істі зерделеместен-ақ төрт рет жауып тастаса, мұның артында біреудің мүдделілігі бар екенін байқауға болады. Прокуратураның өзінде тергеу неге жүрмей жатқанына таң қалуда. Заң бойынша тергеудің стандартты мерзімі 2 ай емес пе?

- Делдалыңыз қайда? Ол әлі тығылып жүр ме?

- Жоқ, кейде көрініп кетеді. Іс қозғалғанда, телефон соғып, ақшаны қайтарамын деп уәде береді. Істі жапқан бойда, жоғалып кетеді. Менің ақпараттарым бойынша, оның «делдалдық» іс-әрекеттерінен тағы бірнеше заңды және жеке тұлғалар зардап шеккен. Ол осындай жасалмаған «делдалдық» қызметтерінен қалтасына бас-аяғы 600 мың доллардай ақша басқан. Айтпақшы, менің адвокатым ТШО-ға сұраныс жіберді. Өйткені бізге ТШО-ның күкірт сатып алушылармен делдалсыз тікелей жұмыс жасау жасайтыны белгілі болды.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

15 қаңтар 2015, 16:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.