Атырау, 28 қараша 02:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

«Бұзақылық»? Жұмсақ айтылған

3 478 просмотра

«АЖ»-ға Атырау қаласының тұрғыны Зоя ТЕН хабарласты. Жаңа жыл алдында бильярд ойнауға барған оның 30 жастағы ұлы ажал құшыпты.

- 2014 жылдың 12 желтоқсанында ұлым Юрий ТЕН достарымен бірге «Ақ Орда» мейрамханасында бильярд ойнап, демалған еді. Содан соң ол жерге танысы келеді. Араларында не болғанын білмеймін, бірақ әлгі танысы Юраға шығып сөйлесуді ұсынады. Юра тысқа шығады. Бейнебақылау камерасындағы жазба бойынша ап-анық көрініп тұр: олар сыртқа шыққан бойда әлгі жас жігіт ұлымды ұрып-соға бастаған. Юра соққыдан жалтармақ болған, бірақ басына тиген соққылардың бірінен кейін тас еденге құлаған. Мейрамханадан шыққан достары Юраны ес-түссіз күйде тапқан, - деп әңгімелейді күйінген ана. – Ол облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде терең комаға түскен күйде бір жарым тәулік жатты. Сосын есін жимастан қайтыс болды. Сот-медициналық сараптама оның өлуіне миға қан құйылу және мидың ісінуі себеп болған деп жазды. Қылмыстық іс, неліктен екені белгісіз, 257-баптың 1-тармағы («Бұзақылық») бойынша қозғалды. Ұлымды өлімші етіп соққыға жыққан адам еркіндікте жүр. Адам өліміне әкелген соққыға жығуды қарапайым бұзақылық деп бағалауға бола ма?

Біз редакция сауалын Атырау облыстық прокуратурасына жолдаған едік, 5 қаңтарда облыстық прокуратураның екінші басқармасының аға прокуроры Жасұлан ЖҰМАҒАЗИЕВТЫҢ қолы қойылған жауап алдық: «2014 жылдың 13 желтоқсанында сағат 01.30 шамасында азамат С.А. «Ақ Орда» мейрамханасының алдында бұзақылық пиғылмен облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмған Ю.Тенге дене жарақатын салған. 18 желтоқсанда осы факті бойынша ІІД тергеу басқармасы ҚР ҚК-нің 257-бабының 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады. Ол 30 желтоқсанда Атырау қалалық прокуратурасының нұсқауы бойынша 103-баптың 3-тармағына («Абайсызда жәбiрленушiнiң өлiмiне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) өзгертілді. Қылмыстық іс шеңберінде Ю.Теннің өліміне не себеп болғанын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тиісті қорытынды алған азамат С.А.-ның әрекетіне кесімді құқықтық баға беріліп, іс жүргізу шешімі қабылданады.   
Қылмыстық-іс жүргізу заңнамасы нормаларының бұзылуына жол бергені үшін облыстық ІІД ТБ лауазымды тұлғаларына қатысты тәртіптік өндіріс қозғалды».

Заңды тұрғыда ап-айқын істің бастапқыда ҚК-тің «жеңіл» бабымен неліктен сараланғаны түсініксіз. Ал, З.Теннің растауынша, тергеуші әлі күнге дейін бейнебақылау камерасынан жазбаны алмаған, алайда ақпарат сақтағышта жазбалар тек белгілі бір уақытқа дейін сақталады, содан соң автоматтық режимде жойылады:

- Ал, бұл басты айғақ қой, - дейді З.Тен.

Осы және басқа да бірқатар сұрақтарды біз осы іспен айналысып жатқан ІІД тергеу басқармасының тергеушісі Айбек ТІЛЕШЕВКЕ жолдаған едік. Ол тергеу құпиялылығына сілтеп, жауап бермеді. Редакция сауалы, сондай-ақ, Атырау облыстық ІІД бастығы Арман ЖАЛМҰХАНБЕТОВКЕ де жолданды.

Тамара СУХОМЛИНОВА

15 қаңтар 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.