2011 және 2012 жж. Қазақстан чемпионы, 2010 және 2013 жылдардағы күміс жүлдегер облыстық «Бейбарыс» хоккей командасы 2014-2015 жж. маусымының бірінші кезеңін аяқтады. «Мәмлүктердің» алға қарайғы жоспарлары жөнінде бас бапкер Александр ИСТОМИН (суретте) әңгімелеп берді.
ҚОЛАЙЛЫ КЕСТЕ БОЙЫНША
- Александр Анатольевич, қазіргі турнирлік жағдай туралы айтыңызшы.
- Біздің командамыз үшін екінші кезең 13-14 қаңтарда оңтүстік астанада жергілікті «Алматы» командасымен өткізетін кездесумен басталды. 7-8 қаңтарда біз өз алаңымызда «Астананы» қабылдауымыз керек еді, алайда, астаналық клуб бұл күні келе алмайтындарын алдын ала ескертіп, бұл кездесулер 5-6 ақпанға ауыстырылды.
Бірінші кезеңнің қорытындысында «Бейбарыс» 4-орында тұр. Алайда 3-орындағы «Горняктан» 1 ұпай ғана, екінші орындағы көкшетаулық «Арланнан» үш ұпай, көш басындағы «Ертістен» алты-ақ ұпай қалып келеміз. Егер өткен маусыммен салыстырсақ, біз сол кезде де 4-орында болғанбыз, бірақ сәйкесінше 6, 17 және 23 ұпай артта болғанбыз.
Осы чемпионатта командалар турнир кестесінде өте тығыз келеді, әр турда олардың жағдайлары өзгеріп отыруы мүмкін. Тұрақты чемпионат аяқталғанға дейін біз әлі 18 матч өткіземіз. Содан кейін плей-офф ойындары басталады, мұнда қарсыластардың бірі төрт жеңіске жеткеннен кейін келесі команда жарыстан шығып қалады.
Тұрақты чемпионаттың екінші кезеңінде командалар бірінші кезеңдегідей айналма ойындар өткізбейді, алған орындарына қарай кездеседі. Бірінші кезең қорытындысы бойынша 1-орыннан 5-орынға дейін тұрған командалар өз алаңында бір тур артық өткізеді. Осылайша, «Бейбарыс» үйде 5 тур, қонақта 4 тур ойнайды.
Біздің мақсатымыз – тұрақты чемпионатта бірінші орын алу. Өйткені, осы қорытынды бойынша плей-оффтың ширек финалында 1-орын мен 8-орын, 2-орын мен 7-орын, 3-орын мен 6-орын және 4-орын мен 5-орын кездеседі.
- Биыл чемпионатқа қатысушы басқа командалар қалай өнер көрсетті?
- Қазақстан чемпионатының деңгейі өсіп келе жатыр. Сөзсіз көшбасшылар жоқ, атүсті қарайтын ойындар жоқ. Мен Қазақстанда алтыншы маусым жұмыс жасап жатырмын, қазір барлық ойындар да тартысты өтеді. Дегенмен, бөле-жара айту керек болса, «Ертіс», «Бейбарыс», «Арлан» және «Арыстан» командалары бірнеше маусымнан бері жақсы ойындарымен тұрақты көзге түсуде.
ҚОРҒАНЫС ЖАҚСЫ, ШАБУЫЛДА МӘСЕЛЕЛЕР БАР
- Құрамда қандай өзгерістер бар?
- Маусым басталар алдында команда 85-90%-ға жаңарды. Биылғы чемпионаттың барысында да кейбір өзгерістер болды. Александр Валентин маусым басында өзін жақсы көрсете білгенмен, жарақат алып қалды. Қазір тәуір болып, ойындарға араласа бастады. Данила Скрипец, Руслан Ромащенко, Абзал Мамбеталиев, Дмитрий Лоханин, Роберт Крайчи, Асхат Баубеков командадан кетті. Бұл - қалыпты ротациялау үдерісі. Олардың орнына Маркку Тахтинен, Алексей Тезиков, Евгений Еременко, Йохан Лоррейн, Раймондс Вилкойтс келді.
- Қазақстандық ойыншыларды міндетті түрде ойынға қосу тәртібі өзгертілді. Бұл жағдайдан қалай шығып отырсыздар?
- Әр ойынға берілетін өтінімде қазақстандық ойыншылардың саны артты. Егер өткен жылы біз 7 қазақстандық спортшыны өтінімге енгізе алсақ, биыл 11-ден кем болмауы керек. Жергілікті хоккейшілер мүлдем жетіспейді.
- «Бейбарыс» сапында жүріп қанша ойыншы Қазақстан азаматтығын алды?
- Георгий Дульнев, Дмитрий Степанов, Виталий Николаев, Михаил Козлов және ауыр жарақат алуына байланысты маусым аяғына дейін ойнай алмайтын Евгений Дерябиндерді атауға болады.
Екінші кезеңде «Бейбарыс» сапында жақсы ойыншылар өнер көрсетеді. Алайда жоғары білікті хоккейшіні алу мүмкіндігі болса, әрине, мұны пайдаланамыз. Ереже бойынша біз 13 ақпанға дейін ойыншылар ала аламыз.
- Бірінші кезеңде көзге түске ойыншыларды атаңызшы.
- Ең үздік ойыншымыз – Матис Краль. Ол «гол+пас» жүйесі бойынша 23 ұпай жинады. Михаил Качулинде 20 ұпай, Ярослав Кмитте 17 ұпай бар. Қақпашылар Метью Пинтарич пен Марис Ючерсті атап өткен жөн. Олар өте сенімді ойын көрсетті. Командамыз барлығынан аз гол жіберді. Өкінішке орай, гол соғуда проблемаларымыз бар. Салынған голдар санынан соңында қалып жатырмыз.
КЕЛЕҢСІЗДІКТЕР МАУСЫМЫ
- Өткен маусымда «Бейбарыс» жүлдесіз қалды. Осы маусымда қандай жоспарларыңыз бар?
- Әрине, жүлде үшін күресеміз. Өткен жылы да сондай мақсатымыз болған. Ақталмай-ақ қояйын, алайда өткен жылы жақсы өнер көрсетуімізге кедергі келтірген хоккейге қатысы жоқ көптеген жағдайлар болды.
Естеріңізде болар, көкшетаулық «Арланмен» сырт алаңда өткізген алғашқы екі ойында ұтылып қалдық. Серия тағдыры өз алаңымызда шешілетін еді. «Бейбарыс» кері ұшып шықпақшы болған, алайда Атырауда дауыл жел болып, командамыз бір күн бойы Ақтау қаласының әуежайында отыруға мәжбүр болды. Тек кешке Бейнеу станциясына дейін пойызбен барып, сол жерден автобусқа отырып, бес жүз шақырым жол жүріп, үйге келдік.
Мұның бәрін бейтарап алаңда ойнамай, өз алаңымызда жанкүйерлер көру үшін жасадық. Өйткені, біз Ақтау әуежайында отырғанда Қазақстан хоккей федерациясынан өз алаңымызда ойнайтын ойындарды бейтарап алаңда өткізу туралы ұсыныс келген еді.
Біз өз қаламызға келіп, жанкүйерлердің қуанышына орай үшінші ойынды 4:1 есебімен ұттық. Барлығы келесі ойынға байланысты екенін бәріміз де түсіндік. Ал, келесі күні жауын болып, дауыл жұлып әкеткен шатырдан мұз айдынына су ақты. «Арлан» командасы жаттығуға келіп, мұздың жағдайын көріп, алаңға шығудан бас тартты. Алайда, бір айта кететін жайт, Мұз сарайының қызметкерлері аренаны жақсы дайындап қойған еді. Ойын ойнауға мүмкіндік болса да, қонақтар ойнамады.
Нәтижесінде төртінші ойынды Көкшетауда өткізіп, үйде өткізетін бесінші ойынды бейтарап алаңда ойнауымызға тура келді. Өкінішке орай, бұл серияда жолымыз болмады.
«Арыстанмен» «қола» жүлде үшін болған келесі серияда Мұз сарайында жанкүйерлердің бірі бас төрешінің бетіне тиын лақтырды. Осы басбұзарлық әрекеттің кесірінен өз алаңымызда өткізетін шешуші бесінші матчты бейтарап алаңда өткізуге тура келді. Өздеріңіз білесіздер, жанкүйерлер алтыншы алаң ойыншысы болып есептеледі ғой. Қазір Мұз сарайының шатыры жөнделді. Мұндай келеңсіздіктер енді қайталанбайды деп үміттенеміз...
Сурет «ЖС» мұрағатынан алынды